Мьянмада салмағы рекордтық 2,2 келілік құнды рубин табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мьянмада салмағы 2,2 келіге (11 мың карат) жететін ірі рубин табылды. Асыл тас бағалы минералдар өндірілетін негізгі аймақтардың бірінен анықталған. Бұл туралы елдің ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады «МИР24».

Фото: БЕЛТА

Мамандар бұл асыл тасты түсі мен табиғи құрылымының сапасына байланысты соңғы жылдардағы ең құнды олжалардың бірі деп бағалап отыр. Рубин сарғыш реңкі бар күлгін-қызыл түсімен ерекшеленеді. Сондай-ақ оның мөлдірлігі орташа деңгейде болып, шыны тәрізді жылтыры сақталған. Мамандардың айтуынша, тас табиғи күйінде қалып, ешқандай өңдеуден немесе жақсарту жұмыстарынан өтпеген.

Елдегі ең танымал асыл тас өндіру орталығы – Мандалай қаласына жақын орналасқан Могок ауданы. Соңғы онжылдықтарда бұл өңірден бірнеше рекордтық рубин табылған. Атап айтқанда, 1990 жылы – 496,2 караттық, 1996 жылы – 21,4 мың караттық (шамамен 4,3 келі), ал 2022 жылы салмағы 2,8 мың каратқа жуық тас анықталған.

1996 жылы табылған рубин ең ауыр тас саналғанымен, мамандар қазіргі олжаны түсі мен құрылымының сапасына байланысты әлдеқайда құнды деп бағалап отыр. Бағалы тасты тапқан адамдардың аты-жөні жарияланбады.

Мьянма әлемдегі рубин мен нефриттің ірі көздерінің бірі ретінде белгілі. Елде табылған асыл тастар туралы мемлекетке міндетті түрде хабарлау тәртібі болғанымен, заңсыз өндіру фактілері әлі де кең тыйылмай отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Аустралияда әлемдегі ең ірі алқызыл алмаз табылғанын жаздық.