Мьянмадағы су тасқынынан 40 мыңнан астам адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM – Мьянманың Иравади аймағында Нгавун өзеніндегі бөгеттің бұзылуынан болған ауқымды су тасқынынан 40 мыңнан астам тұрғын зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Xinhua

Бөгет 30 шілдеде Лемьетна елді мекенінде бұзылған. Оған құмды топырақтың шайылуы мен жердің шөгуінен бөгет құрылымының әлсіреуі себеп болған.

Табиғи апат салдарынан мыңдаған отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Зардап шеккен тұрғындар үшін уақытша көмек көрсету орталықтары ашылды.

Қалалық аудандарда су деңгейі біртіндеп төмендей бастады. Қазіргі уақытта байланыс қызметтерінің 35%-ы қалпына келтірілді.

Су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік жеткізу жалғасып жатыр. Көмек көрсету жұмыстарына 146 млн кьяттан астам қаржы бөлінді. Бұл шамамен 69,5 мың АҚШ долларына тең.

Бұған дейін наурыз айында Гавай аралдарындағы Оахуда соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең күшті су тасқыны болып, 5,5 мыңнан астам адам эвакуацияланған еді.

Айта кетейік, «Долфин» тайфуны Қытайға жетіп, жүздеген мың адам эвакуацияланғанын жаздық.