ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, алдын алу шарасы 26 ақпанда басталып, үш күн бойы жалғасты. Осы аралықта құқық қорғау органдары 5 мыңға жуық ақмолалыққа төленбеген айыппұлы бар туралы ескертпе жолдаған. 1200 адам осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 50 пайыз жеңілдікпен айыппұлдарын өтеген. «Борышкер» жедел алдын алу шарасы өткен 3 күннің ішінде бюджетке 24 миллионнан астам теңге кіріс түсті. Полицейлер айыппұлды барлық банк мекемелерінде және электронды үкімет порталы арқылы өтеуге болатынын ескертуде.
«Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды 7 күннің ішінде 50 пайыз жеңілдікпен өтеуге болады. Ал одан көп уақыт асып кетсе, 30 күн қосымша 10 күннің ішінде айыппұлды толық көлемде өтеуі тиіс. Егер осы кезде төленбесе, онда ІІБ қызметкері тағы қосымша 10 күн күтеді (айыппұл төленіп, бірақ төлем әлі жетпеген болса), осыдан кейін ғана істі жеке сот орындаушысына жолдайды. Сол кезде, адам айыппұлды толық өтеп қана қоймады, жеке сот орындаушысына оның 25 пайызына жуық көлемінде қосымша ақша төлейді», деп көрсетілген хабарламада.