А. Мырзахметов субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланғанын айта кетті.
«Қазіргі таңда мал шаруашылығын субсидиялаудың 33 бағыты бар, осы бағыттарға 2015 жылы 69 млрд. теңге бөлінді. Ал, жаңа бағдарлама аясында субсидияның 6 түрі бойынша 34,5 млрд. теңге қарастырылған.
Сүт, сиыр еті, қой еті өнімдерін өндіруге берілетін субсидияны ірі шаруашылықтар ғана (жалпы өнімнің 60%), алып отыр, мысалы, сиыр еті бойынша 19 бордақылау алаңы ғана (3000 мал орнынан бастап) субсидия алған, мұндай жағдай сүт өнімдеріне берілген субсидияда да кездеседі», - деп атап өтті ол.
«Көрсетілген бағыттар бойынша қойылатын талаптар төмендетілді, (сиыр еті бойынша 400-ден 100 мал орнына дейін) және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне субсидия бөлу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Жаңа бағдарлама бойынша субсидия алатындар саны 2,5 есеге көбейеді»,- деді вице-премьер.
Асыл тұқымды төл басының жеткілікті болуына байланысты, шет елден келген асыл тұқымды ірі-қараға субсидия бөлінбейді. Олар өнімдерді субсидиялауға беріледі.
«Нәтиже бермейтін мал басына берілетін субсидиялау тоқтатылып, орнына ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрама азығына субсидия беріледі,- деп айта кетті Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі.