Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 26 мың азамат қысқа мерзімді курстан өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 26 мың азамат қысқа  мерзімді курстан өтеді. Бұл туралы  бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1-6 айлық қысқа мерзімде кәсіптік оқыту жүргізіледі. Оған 29 жасқа дейінгі және жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады.

«Барлық қатысушылар шәкіртақымен, жолақымен және тегін жататын орындармен қамтамасыз етіледі. Кәсіптік оқыту жүргізетін 380 білім беру  ұйымының тізбесі әзірленді. Курстарымыз дайын. Бағдарламалар өңірлік кәсіпкерлер палатасымен келісіп бекітілді.  Бұл бағыт арқылы  26 мың азамат қысқа  мерзімді курстан өтеді деп  ойлап отырмыз. Бюджеттен 6,3 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жобаны сәуірдің 1-інен Ақтөбе мен Астана қалалары бастап кетті. Бүгінгі күні 350 азамат курстарда білім алуда. Келесі 4 мың  азаматтың тізімі дайын. Оларды да оқыта бастаймыз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Білім және ғылым министрлігі бұл жобаны бақылауға алып, ай сайын мониторинг жүргізу арқылы ақпарат беріп отыратын болады. 

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл 20 мың баланың мамандық алып шығуы үшін4,3 млрд. теңге бөлінді.