Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, заң жобасымен Назарбаев Университетіне жер учаскелерін ұсынудың ерекше тәртібі қарастырылып отыр. «Бүгінгі күні Назарбаев Университетіне бөлінген жер учаскесі, абаттандырылмаған аумақты есепке алмағанда 94,7 гектарды құрайды. Егер осы жер учаскелерін Университет өзінің меншігіне сатып алған болса, олардың құны шамамен 11 миллиард теңгені құрайды. Әйтсе де, бір жағынан ондай жерді сатып алуға қаражат мемлекеттен бөлінетін болып отыр», - дейді Т. Балықбаев. Оның түсіндіруінше, Университетке жер үшін қаражат бөлетін мемлекет болса, кейіннен жер сатып алынғанда ол қаражат айналып мемлекетке қайта түседі.
«Осы себептен, мемлекеттік бюджеттен айтарлықтай соманы қайта алып, қайта салмай әрі бұл қаражатты тиімді пайдалану мақсатында Назарбаев Университетіне жер учаскелерін тегін берудің ерекше тәртібін белгілеуді ұсынамыз. Жер учаскесі Университеттің меншігіне беріледі», - деді вице-министр.
Айта кетерлігі, жер учаскесін Университет меншігіне берудің осы тәртібі Астана қалалық әкімдігімен және өкілетті мемлекеттік органдармен келісілген. Бұған республикалық бюджеттік комиссия да оң қорытынды шығарып отыр.