Назарбаев Университетінің жанынан Инновациялық-интеллектуалдық кластер құру басталды

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінің жанынан Инновациялық-интеллектуалдық кластер құру басталды.

Бүгін Сенатта «Ғылым туралы» ҚР Заңының және Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыу жөніндегі  2010-2014 жылдарға мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы аясында ғылым дамуының жай-күйі мен перспективалары» тақырыбына арналған конференция барысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

 «Ғылымның инновациялық инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Осыған орай, Елбасының тапсырмасы бойынша Назарбаев Университетінің жанынан Инновациялық-интеллектуалдық кластер құру басталды. Кейін оның тәжірибесі Қазақстанның басқа ғылыми-білім орталықтарына таратылатын болады», - дейді министр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 10 инновациялық университет іріктелген. Олар мемлекет қолдауына ие болып та отыр.

Бұдан бөлек, министр Б. Жұмағұлов зерттеулерді коммерциялаудың тиімді жүйесін құруға ерекше көңіл бөлінетінін де атап өтті.

«Бұл арада озық әлемдік тәжірибе пайдаланылады. Ғылым мен өндіріс арасындағы маңызды байланыстырушы буындардың бірі - «Парасат» холдингі. Холдингте 2011 жылдан бастап соңғы  практикалық нәтижеге бағытталған жобалар іске  асуда. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек, Индустрия және технологиялар министрлігімен бірге 7 жоғары оқу орнында және 2 ғылыми зерттеу институтында 9 коммерциялау  кеңсесі құрылды. Қазір, осы барлық жаңа механизмдерді әзірлеу кезеңі аяқталды. Ендігі басты міндет - экономикаға ғылымды нақты енгізіп, жоғары нәтижеге  қол жеткізу», - деді министр.