Назым Қызайбай әлем кубогында польшалық боксшыдан есесін қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогында бүгін, 18 маусымда ел құрамасынан Назым Қызайбай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

3 дүркін әлем чемпионы, 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай ширек финалда Польша боксшысы Виктория Рогалинскамен тағы да кездесті.

Отандасымыз алғашқы раундтан-ақ басымдықты қолға алып, шеберлік жағынан әлдеқайда басым екендігін дәлелдей білді. Қорытынды есеп: 4:1.

Айта кетейік, Назым Қызайбай 2 ай бұрын Бразилияда өткен Әлем кубогының бірінші кезеңінде дәл осы Польша өкіліне жол берген болатын.

Айта кетсек, бұдан бұрын 2025 жылғы Қазақстан чемпионы Санатәлі Төлтаев (65 келі) екінші айналымда Англия спортшысы Патрис Мугалзаимен өзара мықтыны анықтады. Үш раундқа жалғасқан бәсекеде төрешілер 5:0 есебімен Англия боксшысын жеңімпаз деп таныды.

Сондай-ақ бүгін ел құрамасынан 2 дүркін әлем чемпионы, 51 келідегі Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Венесуэла өкілі

Ирисмар Кардозомен жолықты.

Отандасымыз жекпе-жекте қорғаныс пен шабуылда да нәтижелі қимылдап, 4:1 есебімен басым түсті.