NBA жұлдыздары заңсыз ойын бизнесіне қатысы бар деген күдікке ілікті

Фото: Wiener Sport

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) заңсыз құмар ойындары мен спорттық бәс тігулерге қатысты ауқымды тергеу жүргізіп, нәтижесінде NBA-ның бірнеше танымал тұлғалары қамауға алынды, деп хабарлайды BBC.

Тергеу аясында «Портленд Трэйл Блэйзерс» бас бапкері Чонси Биллапс пен «Майами Хит» қорғаушысы Терри Розир ұсталды. Сондай-ақ бұрынғы ойыншы әрі жаттықтырушы Дэймон Джонс пен тағы бірнеше адам заңсыз ойын ұйымдастыру мен спорттық нәтижелерге әсер ету мақсатында алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

ФБР дерегінше, Биллапс мафиялық құрылымдар ұйымдастырған жерасты покер ойындарына қатысқан, ал Розир мен өзге ойыншылар бәс тігу коэффициенттерін өзгерту үшін жарақат алған кейіп танытқан.

Тергеу нәтижесінде 30-дан астам адам, соның ішінде «Коза ностра» сицилиялық мафиясының мүшелері тұтқындалды.

ФБР директоры Кэш Пателдің айтуынша, келтірілген жалпы залал ондаған миллион долларды құрайды.

– Бұл Голливуд фильмін еске салатын күрделі алаяқтық схемасы. Зардап шеккендер Нью-Йорк, Майами және Лас-Вегас қалаларында тіркелген, – деді ол.

NBA басшылығы ресми мәлімдеме жасап, Терри Розир мен Чонси Биллапстың уақытша жұмыстан шеттетілгенін, ал тергеу аяқталғанша олардың қатысуына тыйым салынғанын хабарлады.

Қазір ұсталғандар кепілмен босатылған, олар өздеріне тағылған айыптарды толығымен жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері АҚШ-та 2000-нан аса мексикалық ұсталды.