Небраска штатындағы орман өрті 324 мың гектар жерді шарпыды

Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Небраска штатында 12 наурыздан бері жалғасып жатқан орман өрттері шамамен 324 мың гектар аумақты жойды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинстің мәліметінше, оның ішінде шамамен 259 мың гектар жер Моррилл ауданында өртенген.

Небраска штатының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі (NEMA) Моррилл ауданындағы өрттің 98 пайызы, ал Коттонвуд ауданындағы өрттің 96 пайызы ауыздықталғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ауа температурасының жоғары болуы, құрғақшылық және жел жылдамдығының өзгеруі өрттің қайта күшею қаупін сақтап отыр. Қазіргі уақытта тілсіз жаумен күреске 453 қызметкер жұмылдырылған.

Небраска штатының губернаторы Джим Пиллен өрт салдарынан бір адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Мамандар бұл өрттер Небраска штаты тарихындағы ең ірі табиғи апаттардың бірі болуы мүмкін екенін айтады.

Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Кореядағы өрттен 50-ден астам адам зардап шеккені хабарланды.