NEET санатындағы жастар: тізім бар, жүйелі жұмыс жоқ
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — NEET санатындағы жастар тізімі жергілікті жастар ресурстық орталықтарының қолында. Орталық мамандары мекенжайға барып, «не істеп жүргенін» ғана сұрайды. Сөйтіп тізімді нақтылауға көмек көрсетеді. «Мансап орталығына барып, жұмыс ізде» деп сілтеп жібергенімен, өздері ұсынар бос орындар жоқ. Оқымайтын, жұмыссыз жастар мамандарды қалай қарсы алады? Kazinform тілшісі бірге жүріп, мән-жайды білді.
Үйлерді аралайды, тізімді нақтылайды
Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің берген мәліметіне сүйенсек, олардың тізімі «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінен алынады.
Былтыр облыс бойынша 4 801 адам тізімге енсе, бір жылда шамамен мың адамға азайған. Көбі Ақтөбе қаласында. Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық қазір 11 бағытты қамтыған жұмыстың бірін NEET санатына арнаған.
Ереже бойынша маман өздеріне жіберілген мекенжайдағы үй-үйді аралап, ақпаратты нықтылайды. Жыл басында берілген тізім жыл соңында тағы бір рет сараланады.
— Қазақстанда жастар санаты 14-35 жас аралығын қамтиды. Жастар ресурстық орталығы бірнеше бағытта жұмыс істесе, бірін NEET санатына арнап отыр. Жұмыс үшін бір бөлім ашылған. Бөлімде бар болғаны бірер маман еңбек етеді. Олар облыстық жастар ресурстық орталығы берген тізім бойынша үйлерді аралайды. Тек бізге берген тізім іріктеуден өтпеген. Олардың ішінде студенттер, несиесін төлемей жүрген жастар, әскер қатарына алынғандар мен жазасын өтеушілер де бар. Жоспар бойынша аптасына 15-20 үйге барып, мән-жайын білеміз. Бұрын тізімде мекенжайымен қатар телефон нөмірлері де болатын. Сол кезде ай сайын 300 адамға қоңырау шалып, қайда жүргенін, жұмысын сұрайтын едік. Қазір бұл ақпарат бізге берілмейді. Тек мекенжайына баруымыз керек. Жұмысты еселеген де осы өзгеріс болып тұр. Тізімдегілер арасында жалдамалы жұмыс істейтіндер бар. Зейнетақы жарнасы түспеген соң NEET санатына кіріп кеткен. Ал мемлекеттік бағдарламаларды айтып, жұмыс ұсынсақ, жалақысын місе тұтпайды. Бұл жерде тағы бір айта кетерлік жайт, жанымызда жұмыспен қамту орталығының мамандары жоқ. Ондағы мемлекеттік бағдарламалар туралы да жан-жақты ақпарат беру қиын. Қазір Жастар ресурстық орталығының мамандары ақпарат жинап, нақтылап қана береді. Тізімнен алып тастау біздің құзыретімізге кірмейді, — деді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық.
Ақтөбе облысында 260 мыңнан астам жас болса, оның тең жартысынан астамы қалада тұрады. Соның ішінде NEET санатына дәл қазір 2 386 жас енген.
— Қазір барлығын қамту мүмкін емес. Ақтөбе қаласындағы 162 мың жасқа 11 маман жауапты, яғни бір маманға 16 мың жастан келеді. Қызметкерлер санын арттыру туралы ұсыныс берілді. Сонымен бірге біздер Мансап орталығы маманының ере баруын сұрап отырмыз. Олар мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары туралы ақпарат беретін еді. Полиция қызметкері де біздің жанымызда болуы керек. Мекенжайға барған кезде ашуға бой алдырып, қызметкерлерге зақым келтіруі мүмкін. Мамандардың қауіпсіздігі де маңызды біз үшін. «Жастар тәжірибесі» бағдаламасын да Жастар ресурстық орталығына берсе, келгендерге біздің тарапымыздан ұсыныс болар еді. Қазір келген жасты тек бағыттап жібереміз. Өзге ештеңе істей алмаймыз, — деді Әлішер Садық.
Қазіргі кезде NEET санатындағы жастарға барып жүрген Жастар ресурстық орталығының мамандары «Жасыл ел» бағдарламасын ұсына алады.
Әрі қарай Мансап орталығына сілтейді. Сонымен бірге биыл әлеуметтік желіде «Жастармен жұмыс» парақшасы ашылды.
Онда жұмыспен қамту орталығынан, жеке кәсіпкерлерден алған мәліметтер жүктеледі. Enbek.kz порталындағы бос жұмыс орындары туралы да ақпарат беріп отырады.
— Күніне парақшаға 3-4 хабарлама салынады. Онда жалақысы 100 000 — 1 000 000 тг жұмыс орындары бар. Сонымен бірге «Бастау» жобасын қолға алдық. NEET санатындағы жастарға мобилография, көлік жөндеу, тігін тігу, кондитерлік өнімдер жасауды оқытамыз. Бұл жұмысқа қаржы бөлінбеген. Өзіміз кәсіпкерлерге ұсыныс айтып, байланыс орнатамыз. Кейде кәсіпкерлер өздері хабарласып, жұмысқа икемді адамды сұрайды. Ал NEET санатындағы жастардың өзі іздеп келетін кез әлі кездеспеді, — деді ол.
Үйіне барса есігін ашпайды, көшіп кеткен
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы қоғаммен байланыс және NEET санатымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Гүлдәурен Канибавамен бірге үй-үйді аралаған едік.
Алғашқы мекенжайда тұруы тиіс жас жігіт үш жыл бұрын көшіп кеткен. Кейін жасы 30-дан асқан ақтөбеліктің есігін қақтық. Онда іздеген адамның өзі болмады, бірақ жұбайы есік ашты.
— Мектеп бітірген соң жалдамалы жұмыстар істеген. Қазір жасы 31-де. Әлі де түрлі жерде нәпақа табады. Құрылыста жүр. Бір кездері көше тазалаушы да болды. Ол кезде де ресми тіркелмеді. Әрине, жақсы жалақы болса, жұмысқа орналасар еді. Бұған дейін ешкім сұрап, қызығушылық танытпаған еді. Одан не өзгеруі мүмкін, — деді ақтөбелік тұрғын Ира.
Ал келесі мекенжайда жалғызбасты ана тұрады. Көпбалалы ана таяуда қайырымдылық қоры арқылы баспаналы болды. Қазір балаларының жәрдемақысына ғана күнелтіп отыр.
— Мектеп бітірген соң оқуға түспедім, тұрмысқа шығып кеттім. Содан бала күтімімен үйде отырмын. Қазір тек балаларға жәрдемақы аламын. Таяуда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырдым. Әзір жұмыс істей алмаймын, тек балаларыма қарап отырмын, — деді қала тұрғыны Гауһар.
Жастар ресурстық орталығының мамандары NEET санаты жастардың тізімін алған соң ЖСН-ге қарап, жасы 35-тен асқандарды «сызып» тастайды. Бұл - бірінші сүзгі.
Кейін мекенжайын жүйелеп, бір ауданда тұратынын түгел қамтуға тырысады. Жоспар - кем дегенде айына 50 үй. Бұрын жаяу, қоғамдық көлікпен, кейде таксимен қатынады. Мұндайда жұмыс өнбейді.
— Қазір алаяқтар, оларға алданған адам көп. Біз барып, есігін қаққанда сенбейді. Жанымызда полиция жоқ, әкімдік қызметкері емеспіз. Жастар ресурстық орталығының маманы екенімізді айтқанымызбен, көрсетер құжатымыз да жоқ. Бірде мекенжай бойынша бардық. Домофонға өзі жауап берді, пәтерге кіргенде есікті апасы ашты. «Үйде емес» деп тез жауып алды. Көпқабатты үйден шыға бергенде анасы кезікті. Бәрі «бірдеңе бүлдіріп қойды» деп қорыққан. Негізі сол студент біздің тізімде болмауы керек еді. Тағы бір тобы: «Не істейсің», - деп кері сұрақ қояды. Үйде болмағанын, көршісінен сұраймыз. Бәрінің жұмысқа кеткенін айтады. Ал тізім бойынша NEET санаты, яғни жұмыссыз. Осылай жүргеннің өзінде жұмысымыздың нәтижесі көрінбейді. Барамыз, ақпаратын аламыз, кетеміз. Ұсынарымыз жоқ. Қазір бар жұмыс ауаға тарап жатқан сияқты әсер қалдырады, — деді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы қоғаммен байланыс және NEET санатымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Гүлдәурен Канибаева.
Оның айтуынша, тізімдегінің 90 пайызға жуығы күнкөріс үшін жұмыс істейді. Ал өзгесі декреттік демалыста отыр, сонымен бірге ата-анасының жанындағы жайлы өмірді қимайды.
Хоббиі бар, тек соған қызығады. Кейде өзіне жайлы жағдай жасай алатын әйелдермен бірге тұратын жас жігіттер де кездеседі.
— Тізімнің іріктелгені дұрыс. Біз, мамандар өз тарапымыздан полицияға сұраныс жолдадық. NEET санатындағы жастардың тізіміне енгендер арасында жазасын өтеп отырғандар, күдікке ілінгендер болса алдын ала білгіміз келді. Сонымен бірге тұрғылықты жерін өзгерткендер де, көшіп кеткендер де бар. Тізімде бірнеше мың адам болған соң оны іріктеу мүмкін болмады. Әрқайсысын қарап отыру уақыт алады, әрі ЖСН арқылы қарауға полицияда шектеу енгізілген. Қазір бір барған пәтерге келер жылы тағы баруымыз мүмкін. Себебі тізімде тұрады, біз келгенде ешкім есігін ашпайды, жауап бермейді, — дейді Г. Канибаева.
NEET санатындағы жастар саны мың адамға азайды
Елімізде NEET санатындағы жастармен жұмыс жергілікті әкімдіктердегі жастар саясаты басқармасына жүктелген. Басқарма бар жұмысты жастар ресурстық орталықтарыны міндеттеді.
Тізбектің соңында бар болғаны 2-3 маман тұр. Олар болса облыс орталықтарындағы жүздеген жасты қамтып та үлгермейді.
— Үйлерді барып аралаймыз, жұмыс ұсынамыз. Кейбірі келіседі, кейбірі келіспейді. «Жұмыс істегім келмейді, мазалама. Мен сенен ақша сұраған жоқпын», - деп айтады. Негізі қаладағы, аудандардағы жастар ресурстық орталықтарды олармен тікелей жұмыс істейтін. Қылмыс жасап, жазасын өтеп отырғандар туралы ақпарат жоқ. Оны полициядан сұрау керек. Аудан, ауылда бірі ата-анасының жанында мал бағады, көмектеседі. Жалпы былтыр мың адамға азайды. Демек оқыды, жұмысқа тұрды деген сөз, — деді Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.
Басқарма таратқан ақпаратқа сүйенсек, былтыр 19 930 жас жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бос жұмыс орындарына 8334, «Жастар тәжірибесіне» 1890, әлеуметтік жұмыс орындарына 379, қоғамдық жұмыс орындарына 1328, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 119, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 76 жас жұмысқа орналасты.
«Бастау бизнес» жобасы аясында 2 283 жас кәсіпкерлік негіздерін оқыды. 227-і 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. «Жасыл ел» жобасы аясында 3 322 жас уақытша жұмысқа тұрды. Екі жылда ZHAS PROJECT жобасы аясында 28 жас 1 000 000 теңгеден алды.
— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірленген отбасының цифрлық картасына 2026 жылдың 5 қаңтарындағы жағдай бойынша NEET санатындағы 3 901 жас енгізілген. Оның 2 314-і тіркелмеген жұмыссыз, 47-і жұмыспен қамту бөлімінде тіркеу тұр, 526-ы бала күтімімен үйде отыр, 818-інде тұрғылықты мекенжайы ауысқан, 76-ы жеке кәсіпкерлігін ашқан, 109-ы жұмысқа орналасқан, 87-і жас өзге өңірде тұрады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы
Айта кетейік, NEET санатындағы жастардың есебін Ұлттық статистика бюросы жүргізеді. Кейін мәлімет министрлік арқылы жергілікті әкімдіктерге тарайды. Елімізде «NEET санатындағы жастар» ұғымы да заңға енгізілді. 2023 жылы көпбалалы және жалғызбасты аналар да NEET санатына жатқызылды.
2024 жылы олардың саны 380 мыңнан асқан.