Neo Nomad визасын онлайн рәсімдеуге бола ма - министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Neo Nomad визасы арқылы шетел азаматтары Қазақстанда жыл бойы тұра алады. Толығырақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтып берді.
- Туризм саласындағы тағы бір маңызды шара, өткен жылдың соңында Neo Nomad визасы енгізілді. Ол шетелдік азаматтарға Қазақстанда жыл бойы тұруға мүмкіндік береді. Қазір визаны Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы ғана рәсімдеуге болады, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Осы орайда министр визаны көші-қон порталы арқылы электронды форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізуді ұсынып отыр.
- Сонымен қатар визаның аудиториясын кеңейту мақсатында Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресурстары арқылы туралы Neo Nomad визасы жайлы насихатты күшейту қажет, - дейді ол.
Еске сала кетсек, былтыр қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған.
Айта кетейік, Neo Nomad визасының алғаш иегері – энергетика және қаржы саласында тәжірибесі бар Ұлыбритания азаматы Сертач Йенер.
Биыл қаңтарда Kazakh Tourism ұлттық компаниясы тағы екі шетелдік азаматқа заманауи көшпенділерге арналған Neo Nomad Visa берілгенін хабарлады.
Сондай-ақ Kazinform тілшісі Neo Nomad визасының алғашқы иесінен сұхбат алған еді.