Непалда наразылықтарды басып-жаншығаны үшін экс-премьер мен бұрынғы ІІМ басшысы ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM - Елдің ең жас көшбасшысы ант бергеннен кейін бірнеше сағаттан соң Непал полициясы өткен жылдың қыркүйегіндегі наразылықтарды күшпен басу ісіне байланысты бұрынғы премьер-министр мен экс-ішкі істер министрін қамауға алды.

Фото: BBC

Сол оқиғалар кезінде 76 адам қаза тауып, кемінде 2300 адам жараланған, деп хабарлайды Euronews.

Непал полициясы бұрынғы премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Олиді оның үкіметін құлатып, кезектен тыс сайлауға алып келген жаппай наразылықтар кезіндегі адамдардың қаза болуына байланысты ұстады.

Билік ықпалды коммунистік саясаткерді сенбі күні таңертең астана Катманду маңындағы резиденциясында қолға түсірді. Сондай-ақ бұрынғы ішкі істер министрі Рамеш Лекхак та қамауға алынды. Оған күштік құрылымдарға демонстранттарға оқ атуға бұйрық берді деген айып тағылып отыр.

Қазіргі ішкі істер министрі Судан Гурунг бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеді.

- Ешкім заңнан жоғары емес. Біз бұрынғы премьер-министр Шарма Оли мен экс-министр Рамеш Лекхакты қамауға алдық.  Бұл — кек алу емес, әділдіктің басталуы. Енді ел жаңа бағытпен дамиды деп сенемін, — деп жазды ол Facebook-та.

Үкімет құрған арнайы комиссияның тергеуі Олиге, Лекхакқа және сол кездегі полиция басшысына 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырып отыр.

Арнайы жасақталған полиция бірнеше жүк көлігімен келіп, күдіктілерді үйлерінен ұстап, кейін Катманду аудандық полиция басқармасына жеткізген.

Қамауға алу әрекеті жаңа үкіметтің қызметке кіріскенінен бір күн өткен соң жүзеге асты. Үкіметті парламенттік сайлауда жеңіске жеткен «Растрия Сватантра» партиясының көшбасшысы, рэпер Балендра Шах басқарады.

Балендра Шах пен Судан Гурунг қаза тапқандар мен жараланғандарға қатысты әділдікті қалпына келтіруге уәде берді.

Бұл сайлау елде 8–9 қыркүйекте өткен жастардың сыбайлас жемқорлық пен тиімсіз басқаруға қарсы наразылықтарынан кейін алғаш рет ұйымдастырылды. Сол оқиғаларда 76 адам қаза тауып, 2300-ден астамы жараланған.

Ашуға булыққан жұрт премьер-министр мен президент кеңселерін, полиция бөлімшелерін және жоғары лауазымды саясаткерлердің үйлерін өртеп, оларды әскердің тікұшақтарымен қашуға мәжбүрлеген.

«Z буыны» белсенділері қозғау салған бұл шерулер 12 қыркүйекте Непал тарихындағы алғашқы әйел премьер-министрдің тағайындалуына себеп болды. Бұл қызметке Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Сушила Карки келіп, сайлауға дейін өтпелі кезеңде үкіметті басқарған еді.