Nestle өнімдері Қазақстан нарығынан кері қайтарылып жатыр

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Нестле Фуд Қазақстан» ЖШС Қазақстан аумағында сақтық шарасы ретінде балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр. 

Компания мәліметінше, кері қайтарып алу құрғақ тез еритін сүт және қышқыл сүт қоспаларына, сондай-ақ аминқышқылдары негізіндегі емдік диеталық қоспаның белгілі бір партияларына қатысты. Бұл шешім сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта цереулид токсинінің болуы мүмкін деген ықтимал қауіпке байланысты қабылданған.

«Нестле Фуд Қазақстан» уәкілетті органды хабардар етіп, қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Өнімді қайтару және қаражатты өтеу тәртібі туралы мәлімет жақын арада жарияланады.

Компанияның хабарлауынша, кері қайтарып алу тек шектеулі партияларға ғана қатысты және Қазақстанда сатылатын балалар тағамының басқа өнімдеріне әсер етпейді.

Қосымша ақпарат алу үшін тұтынушылар тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне хабарласа алады: 8 800 080 55 44.

Еске салсақ, Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты қолданысқа енгізілді.