Мектептегі тағамнан зиянды өнімдер алынып тасталмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ҚР ДCМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мәлімдеді.

Школьная столовая Мектеп асханасы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

– 2023 жылдан бастап мемлекет бастауыш сынып оқушыларын және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар жекелеген санаттағы балаларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Алайда жүргізілген талдау нәтижесі мектеп оқушыларының тамақтануында тұз, қант және майдың мөлшері тым жоғары екенін көрсетті. Сонымен бірге рационда көкөністер, жеміс-жидектер мен сүт өнімдері жеткіліксіз, – деді Сәдуақасов.

Оның айтуынша, осындай тамақтану балалар арасында семіздікке, қант диабетіне және жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте жастан дамуына әкелуі мүмкін.

– Жаңа стандарт балабақшалар, мектептер, колледждер мен сауықтыру лагерлерін қоса алғанда, барлық білім беру ұйымдарына таралады, – деді комитет өкілі.

Жаңа тамақтану стандарты заманауи халықаралық тәсілдерге негізделіп әзірленген.

– Аталған стандарт қазіргі заманғы халықаралық тәсілдерге негізделіп жасалды. Атап айтқанда, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) секілді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта әзірленді, – деді ол.

Сәдуақасовтың айтуынша, жаңа стандарт аясында оқушыларды тамақтандыру жүйесінде бірнеше маңызды өзгерістер енгізіледі.

– Қант мөлшері ДДСҰ ұсынымдарына сай 3,6 есеге, ал тұз мөлшері 5 есеге азайтылады. Сонымен қатар оқушылар рационында көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесі артады. Ас мәзірінен шұжық өнімдері, қақталған тағамдар, спредтер және тұз бен қант мөлшері жоғары өзге де өнімдер толықтай алынып тасталады. Газдалған тәтті сусындардың орнына балаларға су, сүт, қышқыл сүт өнімдері, қант мөлшері төмен жеміс шайлары мен компоттар ұсынылады, – деді ведомство өкілі.

Бұған қоса, жаңа Стандартта алғаш рет шағын жинақты мектептердегі тамақтануды ұйымдастыру талаптары мен арнайы диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақпен қамтамасыз ету ережелері енгізілді.

– Алғаш рет «Жеуге жарамсыздық индексі» атты ұғым қолданысқа енгізіліп отыр. Бұл – ұсынылған тағам қалдықтарының сандық көрсеткіші. Аталған көрсеткіш арқылы балалардың берілген тамаққа қаншалықты қанағаттанатыны және мектептегі тамақтану жүйесінің тиімділігі бағаланады, – деп нақтылады Нұрқан Сәдуақасов.

Бұған дейін білім беру ұйымдарындағы тамақтану нысандарын бақылау тәсілі өзгеретінін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар