Nestle өнімдері Қытайда сапа бақылауынан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай нәрестелерге арналған құрғақ сүт қоспасының сапасын қатаң бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің Азық-түлік қауіпсіздігі комитеті мен Нарықты реттеу мемлекеттік басқармасы нәрестелерге арналған құрғақ сүт қоспасының сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды одан әрі күшейтетінін мәлімдеді.
Жақында Nestle компаниясы сақтық шарасы ретінде кейбір еуропалық елдерде белгілі партиядағы құрғақ сүт қоспасын нарықтан қайтарған болатын.
Осыған байланысты аталған ведомстволар Nestle China компаниясынан өз корпоративтік міндеттемелерін орындап, сәйкес партиядағы өнімді Қытай нарығынан алып тастауын және тұтынушылардың заңды мүддесін дұрыс қорғауын талап етті.
Өз кезегінде Nestle China талаптарды орындап, өнімді қайтару шараларын жүзеге асырған.
Бұдан бұрын «Нестле Фуд Қазақстан» ЖШС Қазақстан аумағында сақтық шарасы ретінде балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатқаны хабарланды.
Сонымен қоса Қырғызстанда, БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Қатарда Nestlе балалар тағамының жекелеген партиялары кері қайтарылып жатыр.