Yedioth Ahronoth газетінің мәліметінше, партия Иерусалим аудандық сотына апелляциялық шағым түсірген. Аталған сот әкімшілік соты ретінде әрекет етеді.
Haaretz басылымының хабарлауынша, «Ликуд» партиясы араб елді мекендеріндегі ондаған сайлау учаскесінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін растайтын жазбаша айғақтар ұсынған. Шағымдардың басым бөлігі сайлаушылардың жеке деректерін беруге қатысты. Партияның мәлімдеуінше, бұл әрекет Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғарғы соттың шешімдеріне қайшы келеді.
Алайда басылымның жазуынша, апелляциялық шағымда сайлаушыларды сатып алу немесе ауқымды бұрмалаушылықтар болғанын дәлелдейтін айғақтар жоқ.
Шағымда негізінен сайлаушылардың жеке деректерін беру және бұл ақпаратты сайлауға қатысушылар санын арттыруға арналған қосымшаларда пайдалану мәселесі көтерілген.
Haaretz мәліметінше, Орталық сайлау комиссиясының өкілдері аталған заң бұзушылықтар расталған күннің өзінде, бұл сайлау қорытындысын жоюға заңды негіз бола алмайтынын айтқан.
Өз кезегінде Гади Айзенкот жетекшілік ететін «Яшар» партиясы «Ликудты» сайлау нәтижелерінің заңдылығына күмән келтіруге тырысты деп айыптады.
Израиль президенті Ицхак Герцогтың тапсырмасына сәйкес, Гади Айзенкот 6 желтоқсанға дейін үкімет жасақтауы керек. Бұл мерзімді тағы 14 күнге ұзартуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Израиль оппозициясы Нетаньяхумен бірлескен үкімет құрудан бас тартқанын жазғанбыз.