Израиль оппозициясы Нетаньяхумен бірлескен үкімет құрудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдегі ең ірі оппозициялық «Яшар» партиясы қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяху қатысатын ұлттық бірлік үкіметін құру мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл туралы Anadolu жазды.

Нетаньяху
Фото: x.com/@israelipm

Партия өкілдері Израиль президенті Ицхак Герцогке жүгініп, бұрынғы Бас штаб бастығы Гади Айзенкотқа жаңа үкімет жасақтауды тапсыруды сұрамақ.

Anadolu агенттігінің The Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, «Яшар» делегациясы ел президентімен кеңес өткізіп, үкіметті тезірек жасақтау қажет екенін айтқан.

Депутат Орит Фаркаш-Хакоэн Нетаньяхуды қоғам бірлігіне кедергі келтіріп отырған негізгі тұлға деп атады. Оның сөзінше, премьер-министрдің әрекеттері елдегі саяси жіктелуді күшейткен.

Партия өкілі Йорам Коэн оппозиция алдымен өз одақтастарымен келіссөз жүргізетінін, содан кейін ортақ ұстанымдарды қолдайтын өзге саяси күштерді тартуға ниетті екенін мәлімдеді.

Басылымның мәліметінше, Израиль азаматтары арасындағы палестиналықтардың мүддесін қорғайтын партиялар Айзенкоттың кандидатурасын қолдағаннан кейін оның үкіметін қолдауға дайын депутаттар саны 67-ге жеткен. Ал Нетаньяхуды 46 парламент мүшесі қолдайды.

Бұған дейін 27 қазанда өткен парламент сайлауының қорытындысы бойынша Израильдегі саяси блоктардың ешқайсысы үкіметті өз бетінше жасақтауға жеткілікті басымдыққа ие болмағаны хабарланған еді. Нетаньяху блогы 53 мандат, оппозициялық блок 48 мандат, ал араб партиялары 19 мандат иеленген.