Нейрочиптері бар көгершіндер: құстар қалай ұшатын дронға айналады

Фото: BILD

АСТАНА.KAZINFORM – Ресейлік Neiry стартапы көгершіндерді алыс қашықтықтағы барлау мен бақылауға арналған камералармен жабдықталған шағын дрондарға айналдыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform BILD басылымына сілтеме жасап.

Компания алғашқы сынақ рейстерін жасап үлгерді. Құстардың миына нейрочиптер имплантацияланады, олар ұшу жолдарын көрсетеді. Адам көгершінді бағыттау үшін жай ғана жүйке импульстарын жібереді. Чип кабель арқылы құстың арқасындағы шағын рюкзакқа қосылған, онда контроллер, GPS және күн батареясы орналасқан. Құстың кеудесіне шағын камера бекітілген. 

Neiry-дің негізін қалаушы Александр Пановтың айтуынша, мұндай көгершіндер «механикалық дрондар ауқымы, салмағы немесе басқа параметрлері бойынша шектелген» қолданбаларға жарамды. Оларды инфрақұрылымды қадағалауда, іздеу-құтқару жұмыстарында, жету қиын аймақтарда, тіпті тыңшылық үшін де пайдалану жоспарланған. 

Көгершіндер 400 шақырымға дейін ұша алады, ал күн батареясы ондағы батареяны ауыстыру қажеттілігін жояды. 

Сондай-ақ Александр Панов болашақта жүк тасымалдаушы ретінде басқа құстарды да қолдануға болатынын түсіндірді. Атап айтқанда, ауыр жүктер үшін қарға, жағалауды бақылау үшін шағала және теңізде бақылау жүргізу үшін альбатростар таптырмас құралға айналмақ. 

Компанияның инвесторлары арасында Ұлттық технологиялық бастама бар, сонымен қатар стартап Мәскеу мемлекеттік университетінің жасанды интеллект институтымен ынтымақтасады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайдың гибридті жүк таситын дрон ұшағы алғаш рет әуеге көтерілгенін хабарлағанбыз.