Нидерланд елі Астанада «Қызғалдақ» мүсінін орнатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Ботаникалық бақта Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай «Қызғалдақ» мүсіні орнатылды. ҚазАқпарат бұл туралы Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нидерланд тарапы сыйға тартқан «Қызғалдақ» мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі бүгін өтті.

Шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Андре Карстенс, дипломатиялық корпустың, елорда әкімдігі мен жұртшылық өкілдері қатысты.

«Қазақстан мен Орталық Еуразия даласы қызғалдақтардың танылған отаны болып табылады. Бүгінгі таңда еліміздің кең байтақ жерінде жабайы қызғалдақтардың 35 түрін кездестіруге болады. Сонымен қатар Нидерландты де гүлдермен, әсіресе қызғалдақтармен байланыстырамыз.

Қызғалдақ – бейбітшілік, бақыт, береке мен жаңарудың нышаны. Бұл мүсін де Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдау рухында жылдан-жылға дамып келе жатқан әріптестікті айқындайды», - делінген ҚР СІМ мәліметінде.