Никита Удалов жағаға өзі шығып, аман қалған — туысқандары
ОРАЛ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тірі қалған үш сарбаздың бірі, батысқазақстандық Никита Удаловтың туысқандары Instagram әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасады.
Фото: instagram.com/udalov22/
Туысқандарының мәлімдеуінше, Никита өзін-өзі құтқарған.
Қайғылы оқиға кезінде ол бағдар таба біліп, жағаға дейін жетіп, аман қалған. Қазіргі кезде көп адам сұрақ қойып, мұның қалай болғанын білгісі келеді. Бірақ ол әзір бәрін егжей-тегжейлі айтып беруге дайын емес.
Фото: instagram.com/udalov22
— Бұған түсіністікпен қарауыңызды өтінеміз. Никита бір күнде ұмыту мүмкін емес жайтты бастан кешірді. Қазір ол ештеңені жариялап, сұхбат бергісі келмейді. Ол үшін түрлі нәрсені ойлап тауып, анықталмаған ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз. Бастан кешкен жағдайдан сенсация жасамаңыздар. Ең бастысы, ол есін жиды. Үйіне оралмаған 14 сарбаздың отбасыларына қайғыра отырып, көңіл айтамыз, — делінген мәлімдемеде.
Фото: instagram.com/udalov22
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде министрлік тірі қалған үшінші әскери қызметші туралы айтқанын жазған едік.
Сондай-ақ әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олардың арасында Никита Удалов та бар.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).