Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев Дублинде келіссөз жүргізді

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Ирландия астанасы Дублинде өтіп жатқан Еуропалық саяси қоғамдастықтың IX саммиті аясында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: primeminister.am

Тараптар былтыр 8 тамызда Вашингтонда өткен бейбітшілік саммитінің қорытындылары мен сол жиында қабылданған бірлескен декларацияны іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, келіссөз барысында олар көлік және транзиттік байланыстарды дамыту, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және шекараны делимитациялау процесіне басымдық берді.

Кездесуде Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасының іске асырылу барысына да тоқталды. Бұл ретте олар теміржол және көлік жолдарын жүйелі салудың маңыздылығын атап өтті.

Еске салайық, таяуда Армения премьер-министрі Никол Пашинян TRIPP жобасын жүзе асыру аймақтағы өзара көлік байланысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

Мұнымен бірге таяуда Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құруға ниетті екенін жазып едік.