Ол саммит барысында модератордың сұрақтарына жауап бере отырып, TRIPP («Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағыты») жобасын жүзеге асыруға бағытталған жоспарларға тоқталды.
— Бұл біздің еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашып, экономикаға тың серпін береді. Сонымен қатар ол «Бейбітшілік қиылысы» жобасын жүзеге асыруға ықпал етпек, — деді Никол Пашинян.
Армения үкіметінің басшысы атап өткендей, TRIPP халықаралық логистиканы түбегейлі өзгертуі мүмкін. Өйткені, Шығыс пен Батысты байланыстыратын жаңа бағыт ашылады.
— Ең алдымен, Әзербайжанмен теміржол қатынасы жанданады. Сондай-ақ біз Армения мен Түркия арасындағы шекараның ашылып, екіжақты теміржол қатынасынының қалпына келгенін күтіп отырмыз, — деді Н.Пашинян.
Еске салсақ, 2025 жылы тамызда Вашингтонда өткен үшжақты кездесуден кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және АҚШ президенті Дональд Трамп Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісім туралы бірлескен декларация қабылдады. Оның негізгі ережелерінің бірі — Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағыты (TRIPP) жобасының бөлігі ретінде Әзербайжанның құрлықтық бөлігі мен Нахчыван автономиялық республикасы арасында көлік байланысын орнату болды.
Халықаралық қауымдастық TRIPP жобасын Транскаспий сауда дәлізінің бір бағыты ретінде бағалап отыр. Бұл — аймақ елдерінің тауар тасымалдау жолдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Тиісінше, АҚШ TRIPP жобасының дайындық кезеңіне 140 млн доллар инвестиция салды.
Мұнымен бірге таяуда Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құруға ниетті екенін жазып едік.