Елордалық команда бүгін Польшаның «Катовице» командасымен кездесті.
Қазақстандық команданың бас бапкері Фёдор Полищук «Номадтың» құрамын жариялады.
Қақпашылар: Әмірбеков (Бояркин); Ойыншылар: Бойко-Борисевич-Рахманов, Гайтамиров-Бутенко; Мусоров-Шульга-Гатиятов, Диханбек-Королёв; Александров-Гусейнов-Цыбин, Никитин-Царёв; Қайыржан-Маңғысбаев-Қасенов, Кеңесбай.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде «Катовице» ойыншысы Райан Кук 35-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін «Номад» сапынан Максим Мусоров 37-минутта таразы басын теңестірді.
Үшінші кезеңде Олег Бойко 41, Алан Гатиягов 53-минутта елордалық клубтың басымдығын арттыра түсті.
Осылайша «Номад» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, алғашқы екі ойында елордалық клуб жеңіске жетті. Алдымен «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубынан 5:2 есебімен басым түссе, одан кейін Уэльстің «Кардифф Девилз» клубын 7:2 есебімен сүріндірді.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.