Құрлықтық кубок ойындарында «Номад» екінші мәрте жеңіске жетті
Құрлықтық кубок ойындарында қазақстандық «Номад» командасы екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың финалдық сатысында елордалық команда «Кардифф Девилз» (Уэльс), «Катовице» (Польша) мен «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубтарымен ойнап жатыр.
Бүгінгі кездесуде қазақстандық команда Уэльстің «Кардифф Девилз» клубымен шеберлік байқасты.
Ойын барысында елордалық хоккейшілер басым түсті. Нәтижесінде қарсыласынан 7:2 есебімен алға шықты. Олардың қатарынан Александр Борисевич 2, Максим Мусоров 3, Дінмұхамед Қайыржан 4, Станислав Александров 19, Алан Гатиягов 24, Даниил Цыбин 29, Олег Бойко 34-минутта мергендік танытты. Оған уэльстік клубтан екі голмен жауап қайырды.
Енді «Номад» алдағы ойынын 14 қаңтарда Польшаның «Катовице» клубымен ойнайды.
Сондай-ақ бүгін аталған топта «Катовице» мен «Хернинг Блю Фокс» кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубынан 5:2 есебімен басым түсті.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.