Құрлықтық кубок ойындарында «Номад» алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Құрлықтық кубок ойындарында қазақстандық «Номад» командасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.

хоккей
Фото: Sports.kz

Жарыстың финалдық сатысында елордалық команда «Кардифф Девилз» (Уэльс), «Катовице» (Польша) мен «Хернинг Блю Фокс» (Дании) клубтарымен ойнайды. 

Елордалық команда бірінші ойында «Кардифф Девилз» клубымен шеберлік байқасты. Кездесу барысында «Номад» сапынан Станислав Александров бірінші, Абай Маңғысбаев екінші минутта мергендік танытты. Одан кейін қарсылас команда бір голмен жауап қайырды. Ал 21-минутта Николай Шулыга тағы да «Номадтың» басымдығын арттырса, одан кейін «Кардифф Девилз» ойыншылары тағы бір мәрте гол соқты.

Ойынның 45 минутында елордалық командадан Абай Маңғысбаев екінші мәрте қақпаны дәл көздесе, 58 минутта Михаил Рахманов кездесу нүктесін қойды. Осылайша «Номад» қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті.

Енді алдағы ойынын бүгін, 13 қаңтарда «Хернинг Блю Фокс» командасына қарсы өткізеді. 

Айта кетсек, «Номад» өз тарихында екінші мәрте жарыстың аталған сатысында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бұрын қазақстандық команда Латвияның «Земгалесін» 4:1, Уэльстің «Кардифф Девилзін» 5:4, Францияның «Греноблін» 2:0 есебімен жеңіп, Е тобында бірінші орын алды.

Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.

Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді. 

Соңғы жаңалықтар