Әлеуметтік желілерде «Сығанақ» станциясында түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда ғимарат ішінде төбеден жаңбыр суының ағып тұрғаны көрінеді.
Kazinform тілшісі оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін City Transportation Systems компаниясына жүгінді.
Компанияның мәліметінше, өртке қарсы жүйелердің жабдықтарын тексеру және баптау мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанда, жаңбыр суы ішке аққан.
— Аталған жұмыстар барысында өрт сөндіру жүйелеріне қызмет көрсетуге арналған технологиялық люктер ашылады. Соның салдарынан кейбір жағдайларда жаңбыр суы ішке төгілуі мүмкін, — деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта CTS мамандары келеңсіз жайттың салдарын жойып, нысанда герметизация жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астана көшелерін су басқан соң, су сору жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.