АСТАНА. KAZINFORM — «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 3-ракеткасы, 37 жастағы Новак Джокович Париж олимпиадасына қатысады.
Сербия ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, Н.Джоковичпен бірге Парижде 33 жастағы Душан Лайович бақ сынайды.
Осы айдың басында Джокович Ролан Гаррос турнирінде жарақат алып, жарыстан шығып қалған болатын. Қазіргі кезде отадан кейін қалпына келуден өтуде.
Оның Уимблдон додасына қатысуы әзірге белгісіз болып отыр.
Олимпиадада теннис турнирі топырақ төсенішіндегі корттарда 27 шілде — 4 тамыз аралығында өтеді. Новак Токио олимпиадасында 4-орын алған болатын.
Ресей теннис федерациясы да олимпиадада өнер көрсететін ойыншылар тізімін жариялады.
Әлемнің 5-ракеткасы Даниил Медведев бастаған ресейлік теннисшілер бейтарап елдің атынан сынға түсетін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын олимпиада қарсаңында Қазақстан спортшыларының қандай табыстарға қол жеткізгенін, олқылықтар қандай екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).