«1 қаңтар түнінде Нұр-Сұлтанда «103» қызметінің диспетчерлері тұрғындардан 2 300 қоңырау қабылдап, 1 400-ден астам шақыртуларға қызмет көрсетті. Қоңырауларды 13 диспетчер қабылдады және қызметкерлер арасынан 355 фельдшер мен жүргізуші шақыртуларға шыққан. Жалпы 1 қаңтарға қараған түні 125 жедел медициналық көмек бригадасы азаматтардың шақыртуларына қызмет көрсеткен, оның ішінде алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының бригадалары да бар», - делінген басқарма хабарламасында.
Барлық қалалық ауруханалар да күшейтілген режимде жұмыс істеген. Ол үшін қосымша палаталар мен төсек-орындарды ұйымдастыру қарастырылған.
«Осылайша, елордалық клиникалардың екі жүзге жуық медицина қызметкері жаңа жыл түнінде кезекшілік етті. Олардың құрамында барлық кәсіби мамандар: травматологтар, хирургтар, акушер-гинекологтар, реаниматологтар және басқалары медициналық қызмет көрсеткен», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Сонымен бірге, басқарманың хабарлауынша, жаңа жыл түні пиротехникадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Айта кетейік, желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні елордада 16 нәресте дүние есігін ашты.