Nur Otan: Ақтөбе қаласының жаңа шағын аудандарында емхана салынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының Нұр Ақтөбе, Батыс-2 ықшамаудандарында емдеу мекемелері салынады. Аурухана мен емханалардағы кадр сұранысын қамту үшін жоғары оқу орнын бітірген жастарға көтермеақы беріліп, еліміз бойынша жалақы 2,5 есеге артады. Коммуналдық мекеме қызметкерлерімен кездескен «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Қайрат Сабыр мен Сәуле Өмірбекова медицина мен білім саласындағы сайлауалды бағдарлама міндеттерін айтып берді.

Ақтөбе облысындағы халық саны 800 мыңнан асты. Қала тұрғындарының қатары күн санап артып келеді. Сәйкесінше білім мен медицина мекемесіне деген сұраныс өсті. «Nur Otan» партиясы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және нығайтуға басымдық береді. Қазақстандық медицинаның жоғары стандарттарға сай, үздік тәжірибе әр адамға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

«Ақтөбе қаласындағы Нұр Ақтөбе, Батыс-2 шағын аудандарында емдеу мекемесі салынады. Жобалық-сметалық құжат дайындалды. Сонымен бірге алдағы бес жылда 15 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Оның ішінде Ақтөбе медицина орталығы негізінде 100 орынға арналған балалар инфекциялық корпусы, 200 орынды облыстық инфекциялық ауруханасы бар. 2025 жылға дейін 28 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі. Медицина саласының материалдық-техникалық базасы нығаяды әрі ақ халаттылар біліктілігін арттырады. Келер жылы 140 жас маман Ақтөбедегі емдеу мекемелерінің сұранысын қамтиды. Ауылға баратын жастарға көтермеақы беріледі», - деді Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Қайрат Сабыр.

Ақтөбе медицинасын цифрландыру жұмысы келер жылы аяқталады. Мобильді қосымшалар арқылы тұрғындар алдын ала дәрігер қабылдауына жазылады.

«Медицина қызметкерлерінің жалақысы 2,5 өседі. Бұл ақ халаттыларды ынталандырады деп сенеміз. Жыл сайын 20 бірлік медициналық жабдық сатып алынады. Оның ішінде МРТ, компьютерлі томография бар. Жыл сайын кем дегенде 12 дәрігер Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей секілді елдерде біліктілігін арттырады. Бұл шаралардың барлығы 2025 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 75,5 жасқа дейін ұзарту мүмкіндігін береді. Іскер, алға міндет қойып, оны орындау жолын нақты айқындаған «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын. Біз болашағымыз үшін кешенді бағдараманы ұсынып отырмыз», - деді Қайрат Сабыр.


Ал облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Сәуле Өмірбекова сайлауалды бағдарламаның білім саласы бағытындағы басымдыққа тоқталды. Апатты және үш ауысымды мектептерді жою, оқушыларды компьютермен қамту міндеттерін сайлаушыларға түсіндірді.

«Қазір балалар қашықтан оқып жүр. Індет кезінде мектептерде компьютерге сұраныс жоғары болғаны баршаға аян. «Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік осал тобындағы балаларды компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етеді. Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі де түгегейлі шешіледі.

16 жаңа мектеп бой көтереді. Оның тоғызы Ақтөбе қаласында салынады. Сонымен бірге жыл сайын 10 мектепке жөндеу жүргізіледі. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тағы 6 білім беру мекемесі ашылады. 2025 жылға қарай педагог-модератор, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагогикалық шеберлік санаты бар педагогтардың үлесі 85 пайызға жетеді», - деді Сәуле Өмірбекова.

Үміткердің айтуынша, 2025 жылға дейін ауыл мектептерінде 145 химия, биология, физика кабинеттері жарақтандырылады. Дуалды оқу жүйесі дамып, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері түректерінің 74% жұмысқа орналастырылады.

«Nur Otan» еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында іргелі істердің бастамашысы болды. Осы үрдіс жалғаса береді. Біз экономиканы әртараптандырып, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Білім мен медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, транзиттік көлік қатынасы, тарих пен мәдениет саласы назардан тыс қалмайды. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Бұл біздің бағдарламамыз, бағытымыз. Жарқын болашақ үшін Nur Otan-ға дауыс беруге шақырамын», - деді үміткер.

Қиындықты бірге еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.