«Nur Otan» партиясы халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды көздейді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы мәслихатының депутаттығына үміткерлер сайлаушылармен кездесті. Онлайн басқосуда көпбалалы аналардың, жастардың кәсіпке ден қоюы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық сайлауалды бағдарламасында 7 басым бағыт бар. Онда халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілген. Шалғай ауылдардағы сайлаушылармен кездескен үміткерлер жұмыспен қамту, баспана, жастар жайын қозғады.

«Тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру «Nur Otan» партиясының негізгі бағыты болып табылады. Халықтың әл-ауқатының негізін азаматтарды жұмыспен, тұрақты табыспен қамтамасыз етуде деп білеміз. Соңғы жылдары 57 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге коронавирус пандемиясына байланысты халықтың бір бөлігі жұмысынан және тұрақты табысынан айырылды. Біздің міндет – жұмыссыздықты 4,9% деңгейінде ұстап тұру және 2025 жылға қарай орташа жалақыны кемінде 200 мың теңгеге көтеру үшін жеткілікті жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады», - деді облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Күлпаршын Айдарханова.

Сонымен бірге партия азаматтардың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды, әркімнің таза ауыз суға, ауаға және сапалы инфрақұрылымға қол жеткізуін қолдайды.

«Nur Otan» партиясы жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғыртуға, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл - Ел бесігі» жобаларын іске асыруға өз үлесін қосады.

«Nur Otan» партиясы тұрғын үй алу мүмкіндіктеріне кешенді шаралар қолдану қажет деп санайды. Облыста мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тиімді іске асырылып жатыр. Соңғы бес жылда облыста 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 31 мың пәтер салынды. Біз 2025 жылға қарай облыс бойынша бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 21,6-дан 26 шаршы метрге дейін жеткізу міндетін қоямыз. 2021-2025 жылдары 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы, оның ішінде бюджет қаражатынан 194 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2 мың пәтер», - деді облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Бақтыхан Жаншаева.

Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Жұлдыз Қожабекова жастар мәселесін қозғады. «Nur Otan» партиясы мен оның «Jas Otan» жастар қанаты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді күшейтеді. 2025 жылға қарай жастардың жұмыспен қамтылуын, олардың шығармашылық және іскерлік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруін қамтамасыз ету үшін бірқатар жоба іске асырылады.

«Жастармен жұмыс барысында әлеуметтік лифтілер құруға, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін тұрғын үймен, жұмысқа орналастыру, білім беру мәселелерін шешуге баса назар аударылатын болады. Облыста жастар бастамаларын дамытудың 14 орталығы жұмыс істейді. Өңірдегі жас ұрпақтың өмір сүру деңгейін арттыру барысында «Жасыл ел», «Жастар - Жастарға» қозғалысы, «Дипломмен - ауылға!» жобасы, ауылдағы жастар кәсіпкерлігі және өзге де іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын кемінде 8 мың, «Жасыл Ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру кезінде жаз айларында кемінде 1,5 мың жасты жұмысқа орналастыру көзделген. 1340 орындық 5 студенттік жатақхана құрылысы жүргізіледі. Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнының 500 орындық 1 жатақханасы мен колледждердің 840 орындық 4 жатақханасы жоспарланды», - деді үміткер.

Онлайн кездесу кезінде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова туабітті сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығын облыс аудандарына да салу ұсынысын айтты. Бұл – ата-ананың уақыты мен қаржысын үнемдеуге бағытталған әлеуметтік жоба. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Күлпаршын Айдарханова «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында тең мүмкіндіктер жасалғанын, тек балаларды емес, қариялар мен жалғызбасты адамдардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Бұл үшін «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» партиялық жобаларының жұмысы күшейтіліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға және олардың азаматтық позициясын жандандыруға бағытталады. Атап айтар болсақ, 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталады. Келер жылы Ақтөбе қаласында, 2022 жылы Хромтау, Қандыағаш, Алға қалаларында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенін салынады. Әрі 2023 жылы Ақтөбе қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы оңалту балабақшасы бойы көтереді.

«Жалпы балабақшаларда 44 арнайы оңалту тобын ашу көзделді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар 2021 жылы онлайн режимде көмекші, әлеуметтік қызметтерді таңдай алады. Бұл үшін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталын енгізіледі. Мен сайлаушылардың 10-қаңтарда өз таңдауын жасап, Nur Otan-ға дауыс беруге шақырамын. Біздің ұранымыз - «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», - деді К.Айдарханова.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.