«Қазіргі уақытта вакциналау өзіңізді коронавирустан қорғаудың ең тиімді әдісі болып қала береді. Уақытылы вакцина алу өзіңізді және басқаларды аурудан және оның салдарынан қорғауға көмектеседі. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тәулігіне орта есеппен 5000-6000 адамға екпе жасалады. Биылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша ақпан айынан бастап барлығы бірінші компонентті – 335 464 адам, екінші компонентті – 238 321 адам салдырды», - деп хабарлады депаратмент.
Қала бойынша медициналық ұйымдарда 83 егу кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ «Mega Silk Way» СОО, «Хан-Шатыр» СОО, «Керуен» СОО, «Әбу Даби Плаза» СОО, «Азия парк», «Сарыарқа» СОО, «Еуразия» сауда үйі жанында қосымша 8 уақытша егу пункті орналасқан. Барлық уақытша егу пункттерінің санитарлық-эпидемиологиялық дәйектемелері бар.
Айта кетейік, коронавирус жағдайын орташа тәуліктік тіркеу маусым айында 340 болса, шілде айында 1500-ге дейін өсті.
Соңғы 16 күнде тәулігіне 1 500-ден астам жағдай тіркелуде.
Сонымен бірге, департамент тұрғындар коронавирус жұқтыратын негізгі орындарды атады.
Талдау жұмыстары көрсеткендей, базарларда вирус жұқтыру 8%-дан 12%-ға, сауда нысандарында – 18%-дан 23%-ға, кеңселерде – 12%-дан 17%-ға, саябақтар мен демалыс аймақтарында – 14%-дан 18%-ға артқан.