Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің ақпаратына сәйкес, жанкүйерлер лазерлік шоу мен 3D-технологиялардың қолданылуымен ұйымдастырылатын бірегей ашылу салтанатына куә болады. Турнирдің ашылу рәсімі 29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 19:30-да «Барыс Аренада» өтеді. Еске салайық, 20:00-де Қазақстан мен Словения құрамаларының матчы басталады.
Бірінші дивизионда xоккейден Әлем чемпионаты Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Жоғарғы дивизионға шығу үшін екі жолдама сарапқа салынады. Оған алаң иелері - Қазақстан құрамаларынан бөлек, Словения, Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия және Литва құрамалары таласады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ӘЧ-ға қатысатын ҚР Ұлттық құрамасының мүшелері белгілі болды.
Матчтарды «QAZSPORT» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Аталмыш әлемдік шараға орай арнайы фан-аймақ құрылды. Ол «Барыс Аренаға» қарама-қарсы Тұраң даңғылының бойында «Астана Арена» көлік тұрағында орналасқан.