Нұр-Сұлтанда жүзуден ашық чемпионат аяқталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жүзуден жасөпірімдер арасындағы Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты және ел чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада 18-21 мамыр күндері аралығында 2005 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар мен ұлдар арасында қаланың ашық чемпионаты және Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Жарысқа 13 өңірден 240 спортшы қатысты.


Төрт күнге созылған ашық чемпионат қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орын 14 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлде жеңіп алған Алматы қаласының еншісіне тиді. Елорда командасы 7 алтын, 7 күміс, 9 қола жүлдемен екінші орынды жеңіп алды. Үздік үштікті 5 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен Қарағанды облысының спортшылары қорытындылады.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Елорда әкімдігінің қолдауымен өткен Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты карантин талаптарына сай көрерменсіз ұйымдастырылды.