Әбілғазы Артықбайдың айтуынша, полиция қызметкерлері оқиға орнына барғаннан кейін Нұраймен сөйлесіп, одан жауап алған. Оның сөзінше, қыз өз еркімен келгенін және ешкімге шағымы жоқ екенін айтқан.
Куәгердің мәлімдеуінше, оқиға болған күні сағат шамамен 20:00–20:30 аралығында полицияға Нұрайдың ағалары хабарласқан. Олар қарындасын «алып қашып кеткенін» жеткізген.
Полиция қызметкерлері Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы үйге барған. Қақпа алдында оларды Нұрайдың екі ағасы қарсы алып, қарындасын бұл үйге еркінен тыс әкелгенін айтқан.
Бұрынғы тергеушінің айтуынша, үйдің ішінде көп адам болған және тойға дайындық жүріп жатқан.
— Біз қыздың қай жерде екенін сұрадық. Бізді бөлмеге кіргізді. Ол жерде Нұрай және бірнеше кішкентай қыз бала болды. Барлығын сыртқа шығарып, онымен жеке сөйлестік, — деді Әбілғазы Артықбай.
Оның сөзінше, Нұрай Шерханды жігіті екенін, онымен кездесіп жүргендерін айтқан. Ал полиция қызметкерлерінің сұрағына ол бұл жерге өз еркімен келгенін жеткізген.
Куәгер қосымша сұрақтарға жауап беру барысында Нұрайдың жанында ұялы телефоны болғанын да айтты.
— Телефонына қоңыраулар түсті, алайда ол ешкімге жауап бермеді, — деді ол.
Одан кейін, Артықбайдың сөзінше, Нұрай мен Шерханды Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізіп, олардан бөлек жауап алған.
Бұрынғы тергеушінің айтуынша, екі жастың түсініктемелері бір-біріне сәйкес келген.
— Олар кешке кездесуге келіскенін, кейін отбасы құру туралы шешім қабылдағандарын айтты, — деді ол.
Артықбай сонымен бірге жауап алудан кейін Нұрай ешкімге шағымы жоқ екенін жазбаша көрсеткенін, түсініктеме бергенін және оның сөздері бейнежазбаға түсірілгенін мәлімдеді.
Алайда куәгердің айтуынша, келесі күні қыздың отбасы арызданғаннан кейін материалдар қайта тексерілген.
Бұрынғы тергеуші Қаратау ауданының прокуроры Алтынбек Нұрманалиев Нұрайдан алдымен әкесінің қатысуымен, кейін жеке түрде қайта жауап алғанын айтты.
— Прокурор одан полиция қызметкерлері немесе тергеуші қысым көрсетті ме деп сұрады. Нұрай түсініктемені өзі жазғанын айтты. Ал неге арыз берілгенін сұрағанда, бұл әрекетті әкесі мен ағаларының өтініші бойынша жасағанын, өйткені олар болған жағдайды назардан тыс қалдыруға болмайды деп есептегенін жеткізді, — деді Әбілғазы Артықбай.
Соттағы жауап алу барысында адвокаттар полиция келген кезде Нұрайдың жанында кім болғанын да нақтылады. Бұрынғы тергеушінің айтуынша, бөлмеде тек Нұрай мен бірнеше кішкентай қыз болған, ал сотталушы Шерхан Аймахан ол жерде болмаған.
Сонымен қатар куәгер Нұрайдың ағалары әуел бастан бұл некеге қарсы болғанын растады.
— Олар Нұрай мен Шерханның отбасы құруына қарсы екендерін айтты, — деді Артықбай.
Бұрынғы тергеушіні сұрау аяқталғаннан кейін сот Шерхан Аймаханның туыстарының жауаптарын тыңдауға көшті. Сот отырысының бұл тұсы эмоцияға толы болды.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотта қызға «алып қашу» әрекетінен кейін психологиялық қысым жасалғанын, полицияда оны шағымынан бас тартуға көндіргенін айтқан еді. Сот оқиға мән-жайларын зерттеуді жалғастырып жатыр.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкенттегі үйінің жанында қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан бұған дейін қызды «алып қашу» арқылы некеге мәжбүрлеуге әрекет жасаған және оған 35 рет пышақ жарақатын салған.
Сотталушыға үш бап бойынша, оның ішінде адам өлтіру және некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша айып тағылған.