Сот процесінде тараптарға үлкен экран арқылы заттай дәлелдер, фотокестелер, архивтік хат-хабарлар және тергеу барысында түсірілген бейнематериалдар көрсетілді.
Сот айыпталушының жауаптарындағы қарама-қайшылықтарға ерекше назар аударды. Тергеу барысында Аймахан жүрген бағыттарын, жасаған әрекеттерін және оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндаған болса, сотта Нұрайға өлімге әкелген пышақ жарақаттарын салған сәтті есіне түсіре алмайтынын бірнеше рет айтты. Төрағалық етуші судья Самидин Теміралиев іс материалдарын зерттеу кезінде осы қайшылықтарға бірнеше рет тоқталды.
Пышақтар, көрпеше және күмән тудырған бейнежазба
Алдымен сот қылмыс құралы ретінде танылған екі пышақтың фотоматериалдарын зерттеді. Іс материалдарына сәйкес, олардың бірінің ұзындығы 20 сантиметрден, екіншісінің ұзындығы 25 сантиметрден асады. Мамандардың бағалауынша, пышақтардың ұзындығы адамның өмірлік маңызды ағзаларына зақым келтіретін ауыр жарақаттар салуға жеткілікті болған.
Сондай-ақ сотта айыпталушының киімдері мен көрпешесі де заттай дәлел ретінде зерттелді. Тергеу материалдарына сәйкес, Аймахан Нұрайды үйінің маңында аңдыған кезде көлігінде осы көрпешені пайдаланып түнеген, ал қылмыстан кейін ол құқық қорғау органдарынан жасырыну үшін далада жатқан.
Бұдан кейін «алып қашу» сәті түсірілген бейнежазбалар қаралды. Бір бейнематериалда Нұрайдың Шерхан Аймаханның отбасы тұратын үйге жеткізілгені көрінеді. Кейін полиция бөлімінде түсірілген тағы бір бейнежазба көрсетілді. Онда Нұрай өзіне ешқандай шағымы жоқ екенін және Шерханмен қарым-қатынасын тоқтатуға ниетті екенін айтқан.
Жәбірленуші тараптың өкілдері екінші бейнежазбаның күмән тудыратынын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, полиция қызметкері Нұрайға айтылатын сөздерді сыбырлап нұсқап, қыз сол мәтінді қайталаған.
– Ол жаттап алған сөздерді және күндерді «05.10.2025 жылы» деп сценарий бойынша айтып тұр. Кәдімгі өмірде адамдар күнді бұлай айтпайды. Соңында тергеуші ұмытып қалған жерінде оған өзі айтып көмектеседі. Аймаханның үйінде түсірілген бейнені де қойылым деп есептейміз. Нұрай екі тәулік бойы ұйықтамаған, тамақ ішпеген, әбден әлсіреп, қатты шаршаған күйде болған. Егер ол шынымен өз еркімен тұрмысқа шығуға келіскен болса, үйдегі спорттық киіммен келмес еді және өзімен бірге жеке бас гигиенасына қажетті заттарын алар еді, – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Айыпталушының жауабы: Ештеңе есімде жоқ
Сот отырысында оқиға орнында жауаптарды тексеру кезінде түсірілген бейнежазба және Аймаханның полицияда адвокатының қатысуымен берген жауабы көрсетілді. Онда айыпталушы мекенжайларды, жүрген бағыттарын, көліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін, сондай-ақ телефон нөмірлерін нақты айтып берген.
Сот залында Аймахан Нұрайды алып қашу фактісін және оның iPhone 15 телефонын тартып алғанын жоққа шығаруға тырысты. Ол қыздың полицияға берген арызы шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді. Ал тергеу кезінде берген алғашқы жауаптарын өзгертуін полиция қызметкерлерінің қысымымен түсіндірді. Айыпталушы Нұрайға 35 рет пышақ жарақатын салған сәт туралы жауап беруден бас тартып, сол оқиға барысы есінде жоқ екенін айтты.
– Ол кездесулердің, қарым-қатынастың, жұмсаған ақшасының, жүрген жолдарының барлық ұсақ-түйегін есінде сақтаған, бірақ дәл пышақ салған сәтті ұмыттым дейді. Біз бұл қорғану ұстанымын мүлде негізсіз әрі қисынсыз деп санаймыз, – деді жәбірленуші тараптың адвокаты.
Төрт күндік аңду және «өзін қорғадым» деген уәждің теріске шығарылуы
Соттағы ең маңызды зерттелген материалдардың бірі – 2026 жылғы 11 қаңтарда түсірілген қалалық бейнебақылау камераларының жазбалары болды. Онда Аймаханның қылмыс болған күні Нұрай Серікбайдың үйінің маңында жүргені және оның қозғалыстары көрінеді.
Бейнежазбалар қорғаушы тараптың «кездейсоқ кездесу» немесе «аффект жағдайында болған» деген уәждерін жоққа шығарды. Камералар айыпталушының Нұрайдың үйінің маңында төрт күн бойы әдейі кезекшілік жасағанын растады.
– 8, 9, 10 және 11 қаңтар күндері ол біздің үйдің алдында болған. Мұны көршілер де растай алады. Мен тергеушілерден олардан жауап алуды сұраған едім. Бірақ сталкинг бойынша айып тағылғандықтан, оған қажеттілік жоқ деп жауап берді. Нұрайды аңду барысында ол шабуыл жоспарын ұсақ-түйегіне дейін ойластырған. Бейнетіркегіштердің қай жерде тұрғанын, қай жақтан жақындаған ыңғайлы екенін алдын ала есептеген, – деді марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек.
Аймахан үй маңында ұзақ жүруін басқа бір қызға келгенімен түсіндіруге тырысты, бірақ оның есімін сотта атаудан бас тартты. Бұған дейінгі жауаптарында мұндай нұсқа мүлде болмаған.
– Ол кездесуге гүл емес, пышақ алып келген. Бұл әрекеттің алдын ала ойластырылғанын және қылмыстың қасақана жасалғанын көрсетеді. Аффект жағдайындағы адам мұндай жоспар құрып, барлық мәліметтерд есте сақтай алмайды, – деді адвокат.
Сотта айыпталушының Нұрай бірінші болып шабуыл жасады деген мәлімдемесі де қаралды. Жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушыны куәландыру кезінде жасалған сот-медициналық сараптаманың (№609/146, 9-том) қорытындысын оқып берді. Сарапшылар Аймаханның қолы мен ішіндегі жарақаттарды өзі салғанын анықтаған.
19 томның үшеуі зерттелді
Қылмыстық іс барлығы 19 томнан тұрады. Сот қылмыстық істің алғашқы үш томын зерттеді. Олардың ішінде Нұрайдың арыздары, медициналық құжаттар, заттай дәлелдемелердің фотосуреттері, хат-хабарлар, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және бейнематериалдар бар.
Келесі сот отырысы 7 тамыз күні сағат 10:00-ге белгіленді. Процесс барысында қалған 16 том материал зерттеліп, кейін сот жарыссөзіне көшу жоспарланып отыр.
Еске салайық, 4 тамыздағы сот отырысының бірінші бөлігінде Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбай жауап берді. Ол 2025 жылғы қазан айында Нұрай Серікбайды алып қашу дерегі бойынша түскен хабарламаға байланысты барғанын айтты. Оның айтуынша, сол кезде Нұрай полицияға өз еркімен келгенін және Шерхан Аймаханға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.
Сондай-ақ сотта айыпталушының әкесі, анасы, бауырлары мен әпкелері жауап берді. Олардың сөздері Нұрай Серікбайдың отбасы мүшелерінің наразылығын тудырды, өйткені олар Аймаханның туыстарынан кешірім де, өкініш те естімегендерін айтты.
Еске сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда қаза тапты.
Шерхан Аймахан бұған дейін қызды «алып қашу» дәстүрі арқылы некеге мәжбүрлеуге әрекет жасаған. Қайғылы оқиға болған күні ол Нұрайды үйінің маңында күтіп алып, оған 35 рет пышақ жарақатын салған.
Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан қашып, екі тәуліктен кейін ұсталды.
Оған адам өлтіру және некеге мәжбүрлеу сияқты үш бап бойынша айып тағылды.
Тергеу кезінде Шерхан Аймахан сот-психиатриялық сараптамадан өткен. Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілді.
Сараптама қорытындысы бойынша ол есі дұрыс деп танылған.