Нұрай Серікбай ісі: сотталушы марқұмның өзін кінәлады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша негізгі сот талқылауы басталды.

Фото: Kazinform

Алғаш болып 28 жастағы сотталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Ол болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады. Бұған дейінгі тыңдауларда оның мойнындағы жарақаты таңғышпен жабық болған. Ал бүгінгі сот отырысында мойнындағы таңғыш алынған, тек қолындағы жарақаты таңулы күйде байқалды.

Сотталушы жарақаттарын түсіндіре отырып, соңғы кездесуі кезінде өзіне қол жұмсауға әрекет жасағанын айтты. Жәбірленуші тараптың адвокаттары бұл жарақаттарды туыстары мен айналасындағыларға бағытталған демонстративті әрекет және манипуляция деп бағалады.

Ештеңе есімде жоқ: сотталушы не айтты

Аймаханың айтуынша, ол Нұраймен 2025 жылдың 14 маусымында беташар рәсімінде танысқан. Күзде қыз оған тұрмысқа шығуға өз еркімен келіскенін және бұл туралы қолхат жазғанын айтты. Ол өзіне тағылған сталкинг туралы айыпты жоққа шығарды. Іс материалдарындағы жүздеген қоңырауды техникалық ақаумен байланыстырып, мұндай көлемде қоңырауды өзі шалмағанын түсіндірді.

Қайғылы оқиға болған күні ол Нұраймен қарым-қатынасты тоқтатып, сақинаны қайтармақ болғанын жеткізді. Кездесуге барар алдында көлігінен екі пышақты кездейсоқ киімінің қалтасына салып алғанын және оны ұмытып кеткенін айтты.

– Нұрай келгенде мен оған екеуміздің айырылысатынымызды және бәрі осы жерден аяқталатынын айттым. Ол сақинаны көшеге лақтырып жіберді, кеудемнен ұрып, балағат сөздер айтты. Сол сәтте қалтамдағы пышақты сезіп, оны алдым. Нұрайға пышақты ұсынып: «Пышақты ал да, маған өзің сұқ» дедім. Ол пышақты алып, оң жақ тұсымнан ұрды. Одан кейін не болғаны есімде жоқ, аффект жағдайында болдым, – деді Шерхан Аймахан сотта.

Сотталушы пышақ жарақатын салған сәтін есіне түсіре алмайтынын айтты. Ол мұны 2019 жылы бассейнде алған бас жарақатынан кейінгі психикалық бұзылыстың салдары деп түсіндірді.

Жәбірленуші тараптың қорғаушылары қойған сұрақтар кезінде сотталушы кісі өлтіру мен оқиға орнынан кетуінің мән-жайларын нақты түсіндіре алмады.

Аймаханың айтуынша, қыз оны жарақаттағаннан кейін бірден есінен танып қалған. Ол есін қала сыртында жиыпты. Оның сөзінше, өзіндегі жарақаттарды және қалтасындағы екі пышақты байқаған соң жолай көлік тоқтатып, жақын маңдағы полиция бөліміне барған. Сол жерде Нұрайдың қайтыс болғанын естіген.

Сотталушы марқұмға деген сезімі туралы айта отырып, оны өлтіру ниеті болмағанын және Нұрайды қатты жақсы көргенін жеткізді. Сондай-ақ ол марқұмның туыстарынан, өз отбасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрап, болған оқиғаны ауруының салдары мен уақытында емделмегенімен байланыстырды.

Жәбірленуші тараптың ұстанымы

Жәбірленуші тарап сотталушының бұл нұсқасымен келіспейді. Адвокат Аянхан Омаровтың мәлімдеуінше, Аймахан жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отыр, ал оның кездейсоқ кездесу туралы нұсқасы шындыққа жанаспайды.

– Нұрай Серікбайдың ағасының айтуынша, дәл 11 қаңтар күні кешкі сағат алты шамасында Нұрай үйінде алма бәлішін дайындап жатқан. Қамырға қажетті арнайы қоспа алу үшін дүкенге шыққан. Ол үй киімінде болған, үстіне тек күртеше киген. Оның сол күні сотталушымен кездесуге ниеті де, ойы да болмаған. Іс материалдарында олардың хат алмасқаны туралы ешқандай дерек жоқ. Ол Нұрайды сауда орталығының жанында әдейі аңдып күткен, – деді адвокат.

Аянхан Омаров аффект жағдайында болғаны туралы нұсқаның Республикалық орталықтың сот-психиатриялық сараптамасы арқылы толық жоққа шығарылғанын атап өтті. Сараптамаға сәйкес, қылмыс кезінде Аймахан не істеп жатқанын түсінген әрі өз әрекетін басқара алған. Адвокат сонымен қатар тергеу кезінде сотталушы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі сипаттағанын айтып, қазіргі соттағы мәлімдемелерімен қайшылық бар екенін жеткізді.

Адвокаттың мәліметінше, бейнежазбаларда Нұрай тарапынан агрессия байқалмайды, керісінше өз өмірін сақтап қалуға тырысқаны көрінеді.

Сондай-ақ жәбірленуші тарап Аймаханның қаржылық аударымдар туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді.

– Нұрайдың ата-анасы оның шотына түскен қаражаттарды тексерді. Сотталушы шамамен 185 мың теңге аударғаны рас. Алайда өткен жылдың қараша айында Нұрайдың әкесі бұл ақшаны сотталушының әкесіне қайтарған. Ол қайтадан ақша жіберген кезде қыздың әкесі барлық соманы қайырымдылық қорына аударған. Қазіргі уақытта Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыға бір тиын да қарыз емес, – деді Аянхан Омаров.

Қорғаушы Аймаханның мойны мен қолындағы жарақаттарын өзіне қол жұмсау әрекеті емес, манипуляция деп бағалады. Сонымен қатар ол сталкинг үшін жазаны күшейту туралы петиция дайындалып жатқанын хабарлады. Адвокат бұрынғы жақын қарым-қатынаста болған адамдар тарапынан жасалған қайталама қудалау мен сталкингті ауыр қылмыстар санатына жатқызуды ұсынды.

Сот отырысы барысында марқұмның әкесі Бауыржан Серікбай, анасы Айгүл және ағалары Димаш пен Сұлтаннан жауап алу жоспарланған.

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай кісі қолынан қаза тапқан еді. Тергеу мәліметінше, сотталушы оған 35 рет пышақ жарақатын салған. Шерхан Аймахан некеге мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айыпталып отыр. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.