Нұрай Серікбайдың отбасы 10 млрд теңге өтемақы талап етті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот отырысында жәбірленуші тарап 10 млрд 14 млн 739 мың 65 теңге көлемінде азаматтық талап арыз берді. Оның ішінде материалдық шығынды өтеу және моральдық зиян үшін өтемақы талаптары қамтылған.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Сот отырысы барысында жәбірленуші тараптың өкілдері материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арызын жариялады.

Адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 106-бабына сәйкес, жәбірленуші немесе оның өкілі қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған сәттен бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін азаматтық талап қоюға құқылы. Ал қылмыс адам өліміне әкелген жағдайда, мұндай құқық оның жақын туыстарына беріледі.

Адвокаттың сөзінше, Нұрай Серікбайдың қаза болуы отбасы үшін орны толмас моральдық қасіретпен қатар, елеулі материалдық шығындарға да әкелген.

– Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты отбасы жерлеу рәсіміне, ислам дәстүрлеріне сәйкес өткізілген діни рәсімдерге, қабіріне құлпытас орнатуға, заң көмегіне, сондай-ақ тергеу әрекеттері мен сот процесіне қатысуға байланысты шығындар көтерді. Бұдан бөлек іс бойынша куәларды жеткізуге жұмсалған шығындар да төленді. Материалдық шығынның жалпы сомасы 14 млн 739 мың 65 теңгені құрайды, – деді адвокат.

Жәбірленуші тарап моральдық зиянды өтеу туралы жеке талап та қойды.

Аянхан Омаровтың айтуынша, жалғыз қызынан айырылу ата-анасы үшін, ал сүйікті қарындасынан айырылу ағалары үшін ауыр қасірет болған.

– Ешқандай өтемақы Нұрайды қайтара алмайды және оның отбасы үшін бұл қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Алайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951 және 952-баптарында моральдық зиянды ақшалай түрде өтеу қарастырылған. Қылмыстың ауырлығын, оның қайтарымсыз салдарын, жәбірленушілердің өмір бойғы жан азабын және әділдік қағидатын ескере отырып, моральдық зиян үшін 10 млрд теңге өндіріп беруді сұраймыз, – деді Аянхан Омаров.

Осыған байланысты жәбірленуші тарап соттан азаматтық талап арызды толық қанағаттандырып, сотталушы Шерхан Аймаханнан материалдық және моральдық зиянды қоса алғанда жалпы 10 млрд 14 млн 739 мың 65 теңге өндіріп беруді сұрады.

Азаматтық талап арыз жарияланғаннан кейін сот дәлелдемелерді зерттеуді жалғастырды. Отырыс барысында сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков пен қылмыстық істі тергеуді аяқтаған тергеуші жауап берді.

Жәбірленуші тараптың өтініші бойынша сот залына арнайы анатомиялық манекен жеткізілді. Сот-медициналық сарапшы оның көмегімен Нұрай Серікбайға салынған 35 пышақ жарақатының орналасуын, сипатын, бағытын және келтіру механизмін егжей-тегжейлі көрсетті. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жарақаттарды сотталушы Шерхан Аймахан салған.

Kazinform тілшісі сот процесінің барысын бақылауды жалғастырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін 7 тамызда сот шабуыл сәті түсірілген бейнежазбаны, ДНҚ сараптамасының нәтижелерін, сондай-ақ Нұрайды алып кеткеннен кейін түсірілген бейнежазбаға жүргізілген сот-психологиялық-лингвистикалық сараптаманың қорытындысын зерттеген болатын.