Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Албания астанасы Тирана қаласында олимпиадалық емес салмақтарда еркін күрестен өтіп жатқан әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпанов жеңімпаз атанды.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Бұған дейін 2019 жылы Астанада өткен әлем біріншілігінде күміс алған 70 келіге дейінгі салмақтағы қазақстандық балуан финалда жапониялық Йошиносуке Аоягимен сынға түсті.
Бірінші кезең 1:0 есебімен жапониялық спортшының пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде Нұрқожа 3:1 есебімен алға шықты. Қорытынды есеп – 5:3, Нұрқожа Қайпановтың пайдасында.
Осылайша, Н.Қайпанов Ризабек Айтмұқанның өткен жылғы жетістігін қайталады.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Тағы бір қазақстандық балуан Дәулет Ергеш (79 кг) жұбаныш белдесуінде жапониялық Кота Такахашидан жеңіліп қалды. Дәулет 9:0 есебімен алда тұрды, оған жеңіс үшін бір ұпай қажет еді. Алайда сол мүмкіндігін пайдалана алмай, 10:21 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпановтың бас жүлдеге, Дәулет Ергештің қолаға таласатынын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).