Әлем чемпионаты: Нұрқожа Қайпанов бас жүлдеге, Дәулет Ергеш қолаға таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Албания астанасы Тирана қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов (70 келі) финалға жолдама алды.
Қазақстандық спортшы жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті 12:2 есебімен қапы қалдырды. Осылайша Нұрқожа өзінің спорт жолында екінші мәрте әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Ол бұған дейін 2019 жылы елордада болған бәсекеде күміс жүлдеге қол жеткізген еді.
Іріктеу сатысында Дәулет Николай Грахмезді (Молдова), Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңді. Оның ендігі қарсыласы Жапония немесе бейтарап атлет жұбының кездесуінде анықталады.
Ал ел құрамасынан Дәулет Ергеш (79 келі) әлем чемпионатынның қола медалі үшін белдеседі. Ол ширек финалда есе жіберген грузиялық Автандил Кенчадзе санаулы сəт бұрын финалға жолдама алған болатын. Сондықтан Дәулет жұбаныш белдесуінде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Жұбаныш кезеңі ертең өтеді. Ал финалдық кездесу 31 қазанда Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.