Нұрлан Байбазаров елімізге 190 млрд йен не себепті тартылатынын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан Азия Даму Банкінен, Азия Инфрақұрылымдық Банкінен, сондай-ақ Халықаралық Қайта құру және Даму банкінен жалпы сомасы 200 млрд йенге жуық қаражатты не себепті тартып жатқанын түсіндірді.
«Мұның бәрі инвестициялар, яғни өңірлерді дамытуға және инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған. Бұл инвестициялар экономиканың әлеуетін өсіруге әсер етеді. Экономиканың өсімін қамтамасыз етсек, бюджеттің кірістері артатыны түсінікті. Әрине, егер мемлекеттік қарыз болса, ол мемлекет есебінен өтеледі. Жақында халықаралық кредит агенттіктері біздің рейтингтерді растады, олардың кейбірі еліміздің деңгейін көтерді. Сондықтан Қазақстан жалпы халықаралық инвесторлардың алдында сенімді серіктес ретінде танылды. Біз инвестиция тартуға мүдделіміз. Атап айтқанда, осы мәселе бойынша ешқандай қауіпті көріп тұрғаным жоқ. Қаражат дер кезінде қайтарылады», — деді Н. Байбазаров Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар, ол 200 млрд йенге жуық қаражат не себепті йен валютасында алынатынына түсінік берді.
«Қазір йен ең арзан валюталардың бірі және оны алу шарттары тиімді, яғни төмен пайызбен ұзақ мерзімге алуға болады», — деді министр.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына $1,15 млрд инвестиция салатынын еске салды.
Еске салсақ, жақында Парламент Мәжілісінің қарауына үш заң жобасы келіп түсті.
Бұл ретте Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму банкінен 84,9 млрд йен тартады.
Мұнымен қоса, Қазақстан Азия Даму Банкінен және Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінен жалпы 105 млрд йен алады.
Биыл қараша айында Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады.