Нұрлан Нығматулин вице-министрге ескерту жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Палата спикері Нұрлан Нығматулин қазақша қойылған сұраққа орысша жауап қайтарған Білім және ғылым вице-министріне ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, жалпы отырыста  «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Бұл тұрғыда депутат Кәрібай Мұсырман Білім және ғылым министрлігі бойынша қосымша бөлінген бюджет қаражатын игеру мәселесіне қатысты сауал қойған болатын.

Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова депутаттың сұрағына орысша жауап берді.

Осы орайда, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министрлік өкіліне ескерту жасады.

«Бибігүл Амангелдіқыз, сіз барлық мұғалімдер мен оқушыларды 3 айдың ішінде ағылшын тіліне үйретіп жатырмыз деп анықтама бердіңіз. Бірақ енді мемлекеттік тілді үйренетін уақыт келген шығар», - деді Палата спикері Білім және ғылым вице-министріне қарата айтқан сөзінде.