«1991 жылдың 29 тамызында дүние жүзіндегі алапат ядролық сынақ полигоны менің Жарлығымменен жабылған болатын. 1949 жылдан бастап Совет одағы кезінде 465 атом қаруын жарып, халқымызға зардап әкелген үлкен зұлматты тоқтаттық. Содан бері, мінекей, біздің істеген шаруамызды дүние жүзі бағалап, Біріккен Ұлттар ұйымының алдында дүниежүзі халықтарының атом қаруына қарсы іс-шарасы күні деп қабылданды. Сондықтан, біз үшін бұл - мереке. Бұл Қазақстанға, қазаққа берген дүние жүзі қауымдастығының үлкен бағасы деп санау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент екіншіден, Конституциямыздың күні осы шарамен тұспа-тұс келіп отырғанын еске салды.
«Сондықтан, еліміздің атом қаруына қарсы бүкіл елдердің көшбасшысы атағы бар. Оны біз орындап келе жатырмыз. Астанамыз көп халықаралық ұйымдардың кездесетін, мәселелерін шешетін жеріне айналды. Енді, мінекей, бүгін мынадай үлкен монумент ашайын деп отырмыз. Ақтөбеліктердің Астананың 20 жылдығына жасаған сыйлығы бұл. Монументтің символы - «Атом қаруына қарсы күресу қажет». Біз осылай деп адамзатқа жар саламыз. Келер ұрпаққа өткеннің тағылымын ұмытпаңдар деп осындай үлгі қалдырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, Ақтөбе облысы Астананың 20 жылдығына «Бейбітшілік қабырғасы» монументін сыйға тартты. Монументтің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.