АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионатында қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс жүлдегер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол финалда ирандық Насер Гасем Əлизадеге есе жіберді.
Қазақстандық балуан бұған дейін жартылай финалда қырғызстандық Атабек Азисбековті жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін енді Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлде үшін белдеседі.
Қазірге дейін ел құрамасынан Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедалі Мамырбек (63 келі) қола жүлде алды.
Грек-рим күресінен 10 сәуірде қалған салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.
Ал 11-12 сәуір әйелдер күресінен сайыстар өткізіледі.
Сәуірдің 13 мен 14 аралығында еркін күреспен жарыс өз мәресіне жетпек.
Еске салсақ, бүгін Астана қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасында Азия чемпионаты басталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.