Нұртай Сабильянов Елжан Біртановтың баяндамасына орай: Министр ертегі айтқандай болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов аудандық, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарындағы нақты проблемаларды көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрдің баяндамасын тыңдадық. Маған министр ертегі айтып жатқан сияқты болды. Неге? Өйткені, цифрландыру болу үшін денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды біз жақсы, жоғары Интернет байланысына қосуымыз керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің дерегінше, ол 2022 жылы ғана жүзеге асады, қаражат болса. Сонда бұл цифрландыру кімге жүргізіледі? Мысалы өңірлерді алып қарайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары бар-жоғы 14 пен 43 пайыз деңгейінде ғана Интернет желісіне қосылған екен. Сондықтан бірінші кезекте осыны шешуіміз керек. Құрметті министр! Сізге айтарым аспанға қарап, жұлдызды санағаннан гөрі жердегі тіршілікке дұрыс көзбен қараған жөн секілді», - деді депутат аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қарата.

Өйткені, депутаттың айтуынша, елді мекендерді аралаған кезде денсаулық сақтау саласына байланысты көптеген мәселелер көтерілген. Мәселен, аудандардағы, ауылдардағы медициналық мекемелерді жаңа жедел жәрдем көліктермен қамтамасыз ету қажет. Елімізде 2124 жедел жәрдем көлігі болса соның 770-сі ескірген. 20-шы ғасырда шығарылған көліктер де бар.

«Енді ойлап қараңыз, қатты аязда, боранда ескі көлікпен ауруларды алып келе жатқанда бұзылып қалса не болмақ? Осы жағына неге көңіл аудармайсыздар?. Сіздер атқарушы орган, әкімдер алып беруі керек дейсіздер. Бірақ қаражатты бәрібір де республикалық бюджеттен бөлу керек. Сонда ғана біз дұрыс медициналық көмек көрсете аламыз», - деді ол.

Сонымен қатар ол ауруханалар мен емханалардың жағдайын да көтерді.

«Халыққа қолайлы жағдай жасалмаған, ескі, тозған, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Атап айтар болсам, ШҚО, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегеніне 25 жыл болыпты. Үржар ауданының орталығында емхана жоқ. Үш дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Оның өзінің бірінің ғимаратын алып алғансыздар. Осындай мәселелер қай уақытта шешіледі? Зайсан ауданы, еліміздің шекарасының шетіндегі аудан. Өткен жолы барып емханасын көрдім, тар, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Ішінде не суы жоқ, кәріз жүйесі жоқ. Адамдар тұрып тұр, шешінетін жері де жоқ. Осыдан кейін медициналық көмектің жоғары деңгейде екендігін қалай айтуға болады? Осы мәселелерді шешетін уақыт болды ғой», - деді Нұртай Сабильянов.

Депутат аудандардағы, ауылдардағы кадр тапшылығына да ерекше тоқталды.