NYT: Трамп пен Эпштейн 15 жыл бойы достық қарым-қатынаста болған

Фото: скриншот cbsnews.com

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп пен кәмелетке толмағандарды азғырды деп айыпталған америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн шамамен 15 жыл бойы дос болған, деп жазады The New York Times.

Олар 1990 жылдардың шамасында танысқан. Сол кезде Эпштейн Флоридадағы Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясына жақын маңнан үй сатып алған. Екеуі жиі араласқан, бір-бірінің үйлеріне қонаққа барған, түрлі кештер ұйымдастырып, оған модельдерді шақырған.

Олардың достығы шамамен 2004 жылы тоқтаған. Қарым-қатынастың үзілуіне себеп — екеуінің де Флоридадағы Палм-Бич жағалауындағы бір зәулім үйді сатып алғысы келгені. Бұл мүліктік бәсекеде Трамп жеңіске жетіп, үйді 41 миллион долларға сатып алған.

NYT мәліметіне қарағанда, Трамп кейін жақын айналасына Эпштейннен алыстап кетуінің тағы бір себебін айтқан. Белгілі болғандай, Эпштейн Мар-а-Лаго клубының бір мүшесінің қызына орынсыз қылық көрсеткен.

Эпштейн 2019 жылғы 6 шілдеде Нью-Йорк штатында ұсталды. Прокуратура оның 2002–2005 жылдары Манхэттендегі үйіне ондаған кәмелетке толмаған қыздарды (ең кішісі 14 жаста) шақырғанына дәлел бар екенін мәлімдеді. Эпштейннің достары мен таныстары арасында АҚШ пен өзге елдердің қазіргі және бұрынғы шенеуніктері, бұрынғы мемлекет басшылары, ірі кәсіпкерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары болған.

Эпштейнге қатысты қылмыстық іс 2019 жылғы 10 тамызда түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін тоқтатылды.

Бұған дейін АҚШ Джеффри Эпштейннің клиенттер тізімін жариялауды жоспарлап отырғанын алға тартты.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп The Wall Street Journal басылымын сотқа беремін деп қорқытып, Эпштейн ісінің кейбір материалдарын жариялауды талап етті.