Нью-Йоркте адами ресурстарды басқару бойынша халықаралық семинар өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «XXI ғасырдағы меритократия негізінде мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару» халықаралық семинарына қатысты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: gov.kz

Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссиясы және Астана мемлекеттік қызмет хабымен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шараға Астана хабының резидент-елдері Әзербайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Украина, Өзбекстанның мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органдарының басшылары қатысты. 

Семинардың негізгі мақсаты – БҰҰ тәжірибесі негізінде адам ресурстарын басқару жүйесінің заманауи әкімшілік және техникалық аспектілерін талдау.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссияның төрағасы Ларби Джакта БҰҰ әлемнің түрлі аймақтарында мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Ол сонымен қатар мемлекеттік секторда адам ресурстарын басқарудың үздік тәжірибесін тарату үшін осы бағыттағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. 

Өз кезегінде, МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай қазіргі заманғы үрдістер мемлекеттік қызмет тиімділігін үнемі арттыруды қажет ететініне назар аударды. Ол семинарға қатысушыларға мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде «адамға бағдарланған» және сервистік мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру шаралары туралы айтты. Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резерві және өзге де жастарға арналған әлеуметтік лифттер құру, мемлекеттік қызметке жоғары оқу орнының үздік түлектерін конкурссыз тағайындау, жеке сектордан тәжірибелі мамандарды тарту сынды мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар жайлы баяндады. Кадрлық бизнес-процестерді толық автоматтандыруды және мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін цифрландыруды көздейтін «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту шараларымен оның мүмкіндіктері туралы да хабардар етті.

Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызметті дамытудың өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, адам ресурстарын басқарудың озық тәсілдері, әдістері мен үрдістері туралы мұндай семинарлардың оң әсерін атап өтті. Семинар аясында мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органдардың Астана мемлекеттік қызмет хабының резидент-елдерінің мемлекеттік басқару комитетінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өтеді деп жоспарлануда. 

Басқосудан соң «XXI ғасырдағы меритократия негізінде мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару» халықаралық семинар аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссияның төрағасы Ларби Джактамен кездесті. Екіжақты басқосу барысында МҚІА төрағасы Мемлекет басшысымен мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғырту мәселесі ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыт ретінде айқындалғанын айтып, басты мақсат – ашық, клиентке бағдарланған, сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екенін атап өтті. 

Дархан Жазықбай бұл бағытта мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және «шығу» тәртібін жеңілдету, мемлекеттік секторға персоналды іріктеу және басқару процестерін цифрландыру, кадрлық әлеуетті арттыру және таланттарды тарту бойынша іске асырылып жатқан шаралар жайлы хабарлады. Ол Президенттік жастар кадр резервіне ағымдағы іріктеу туралы айтып, жобаның жаңа басқару мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. 

Ларби Джакта мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша Қазақстанның тәжірибесін оң бағалап, мемлекеттік қызмет үшін таланттарды белсенді іздеудің және меритократия қағидаттарын сақтаудың перспективаларына тоқталды. 

Тараптар сондай-ақ адам ресурстарын басқару саласын дамытудың әлемдік трендтерін және мемлекеттік қызметті жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша бірлескен бастамаларды іске асыру үшін күш-жігерді нығайту маңыздылығын талқылады.