Облыстарда бір мемлекеттік және бір ірі жеке меншік ЖОО қалады

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Алдағы екі жылда еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы саны 100-ге жуық болады.

Бұл туралы бүгін селекторлық тәртіптегі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстандағы ЖОО-лардың саны - 136.

«Елбасы оқу орындарын аймақ қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан мемлекеттік жоғары оқу орындары да оңтайланатын болады. Нәтижесінде таяудағы 2 жылда еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы саны 100-ге жуық болмақ», - деді ведомство басшысы.

Министрдің пайымдауынша, бұл - дамыған елдерде қабылданған көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көптеген аймақтарда бір мемлекеттік және бір ірі жеке меншік жоғары оқу орны болады.