Офицерлерді жаңа форматта даярлау: елордада Ұлттық ұлан басшылығының жиыны өтуде

Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің базасында ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал - лейтенанты Ержан Сәденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың басшылығымен, әскердің командалық құрамымен бес күндік жедел жиын басталды.

Фото: Ұлттық ұлан

Кәсіби деңгейді жетілдіруге елуден астам полиция департаменттерінің офицерлері мен басшылары, еліміздің барлық өңірлеріндегі Ұлттық ұлан арнайы бөлімшелерінің командирлері қатысуда.

Жиынның негізгі мақсаттары — кәсіби-лауазымдық даярлық деңгейін арттыру, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің құқықтық актілерінің талаптары туралы бірыңғай түсінік қалыптастыру болып табылады.

Сабақ кестесіне сәйкес жиындарды өткізу бағдарламасында демонстрациялық, нұсқаушы-әдістемелік және практикалық сабақтар өткізу көзделген. Сондай-ақ офицерлерге әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің негізгі басымдықтарын айқындайтын басшылық құжаттар мен директивалардың ережелері жеткізілетін болады. 

Сабақтың негізгі бөлігі елордалық бригада базасында, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының "Қаптағай" біріккен оқу орталығында және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің "Майлан" оқу полигонында өтеді. 

Осылайша, жиынның бірінші күні офицерлермен тікұшақ алаңдарын жабдықтау тәртібі бойынша кешенді сабақтар, тегіс ұңғылы мылтықтардан ату және граната лақтыру, жиынтық тактикалық топтардың жауынгерлік тәртібін көрсету, сондай-ақ "Дағдарыс жағдайында ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл" тақырыбында мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша дәріс өткізілді.

Жиын жетекшісі, жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы полковник Нұрлан Мұхамедовтың айтуынша, жиын міндеті лауазымды тұлғалардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша бірыңғай тәсілді әзірлеу, озық тәжірибемен алмасу, командирлердің атыс, дене шынықтыру және әдістемелік даярлығын тексеру болып табылады. 

— Осындай сабақтардың арқасында офицерлер өздерінің функционалдық міндеттерін шебер және сенімді орындау үшін кәсіби дайындықты жетілдіреді. Сондықтан Жоғарғы Бас Қолбасшының, Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматта Ұлттық ұлан жеке құрамының жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға басты назар аударамыз, - дейді полковник Нұрлан Мұхамедов. 

Айта кетейік, ертең командирлермен "Майлан" оқу полигоны базасында құқықтық тәртіп әскеріндегі қару-жарақ және техника түрлерінен практикалық атыс нормативтерін пысықтау бойынша практикалық сабақтар өтеді.

17 шілдеде жиынды қорытындылау және үздік нәтиже көрсеткен офицерлерді марапаттау жоспарланып отыр.