Оқ-дәрі қоймаларындағы өрт қауіпсіздігіне кімдер жауапты

Фото: Фото: pexels.com

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов кейбір оқ-дәрі қоймаларындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты тиісті зерттеу жасау керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде азаматтық қорғау тақырыбын талқылау кезінде депутаттар Қорғаныс министрлігіне қарасты оқ-дәрі қоймаларындағы өрт қауіпсіздігі қалай тексеріліп жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Қорғаныс министрлігінің құрылымында тиісті бөлімше бар екенін және олар қоймаларды тексеріп жатқанын айтты.

«Бұл мәселемен жеке айналысқан болатынмын. Қару-жарақ сақталатын базалар мен қоймалардың өзіндік ерекшелегі бар. Кейбір оқ-дәріні сумен өшірген кезде қауіпті жағдай болуы мүмкін, яғни химиялық жағынан ерекше бұл заттарға су тигенде тиісті реакция болуы ықтимал. Сондықтан осы салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыру керек. Бұл тұрғыда Қарулы күштерге тиісті ұсыныстарды жасағанбыз», –деді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі бұл мәселені қарастырып, тиісті шешім жасауы керек.

«Себебі өрт кезінде әрбір оқ-дәріні қалай өшіру керек екенін қарау қажет», –деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте Қазақстанның батыс өңірлері сейсмология тұрғысынан қауіпті аймаққа айналып бара жатқаны айтылды.